
Женева, 2026 жылғы 2-4 маусым –Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) штаб-пәтерінде Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі Консультативтік комитеттің 18-сессиясы өтуде. Іс-шараға мүше мемлекеттердің өкілдері, халықаралық ұйымдар, сот қауымдастығы және зияткерлік меншік саласындағы сарапшылар қатысуда.
Сессия жұмысына ҚР Конституциялық Сотының судьясы Е. Оңғарбаев пен Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қ. Төребаев бастаған Қазақстан делегациясы қатысуда.
Комитеттің пленарлық отырысында сөз сөйлеген ҚР Конституциялық Сотының судьясы Е. Оңғарбаев цифрландыру үдерістерінің қарқынды дамуы жағдайында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері мемлекеттердің орнықты дамуы мен инновациялық экономиканы қалыптастыру үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол Қазақстанның халықаралық стандарттар мен озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін дәйекті түрде жетілдіріп келе жатқанын айтты.
Баяндаманың негізгі бөлігінде Қазақстанда жүргізілген конституциялық және заңнамалық реформаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, алғаш рет конституциялық деңгейде зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны туралы норма бекітілді. Е. Оңғарбаевтың айтуынша, бұл қадам авторлардың, өнертапқыштардың және құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі нығайтуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Сессия қатысушыларына тауар белгілерін жедел тіркеу рәсімі, авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуын мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ құқықтарды басқару мен құқық иеленушілерге сыйақы төлеу үдерістерінің ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық құралдарды енгізу секілді зияткерлік меншік саласындағы соңғы заңнамалық жаңашылдықтар таныстырылды.
Қазақстан тарапы құқық қолдану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасудың және зияткерлік еңбек нәтижелеріне құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сессия аясында қазақстандық өкілдер цифрлық дәуірдегі зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында шетелдік әріптестермен және сарапшылармен кездесулер өткізуде.
Қазақстанның Консультативтік комитеттің 18-сессиясына қатысуы елдің инновациялық даму, инвестициялық тартымдылық және экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі болып табылатын зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін одан әрі нығайтуға бейілділігін растайды.