Қазақстан денсаулық сақтау саласында ДЗМҰ-мен зияткерлік меншік бойынша ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан денсаулық сақтау саласында ДЗМҰ-мен зияткерлік меншік бойынша ынтымақтастықты нығайтуда

Женева, 22 мамыр 2026 жылы –  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пен Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) Бас директорының көмекшісі Эдвард Кваква және ұйымның профилдік бөлімшелерінің өкілдерімен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдардың институционалдық әлеуетін дамыту, сондай-ақ инновацияларды қолдау, дәрілік заттардың қолжетімділігі мен денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту мәселелері қарастырылды.

Қазақстан тарапы денсаулық сақтау саласындағы зияткерлік меншікті реттеуде қолданылатын тәсілдерді баяндады, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпарат берді. Жалған тауарлардың айналымына қарсы іс-қимыл мәселесіне, соның ішінде жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ерекше назар аударылды.

Кездесу аясында Қазақстан дәрілік препараттардың цифрлық бақылау жүйесін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Бұл жүйе өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі бүкіл жеткізу тізбегі бойынша қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Аталған құрал нарықтың ашықтығын арттыруға және жалған өнімдермен күресуге тиімді жәрдемдеседі.

Тараптар сонымен қатар қолданыстағы реттеу тетіктерін бірлесіп талдау, мамандарды кәсіби дайындаудан өткізу бағдарламаларын жүзеге асыру және халықаралық тәжірибемен алмасу мүмкіндіктерін талқылады. ДЗМҰ осы бағыттар бойынша одан әрі ынтымақтасуды және сараптамалық өзара іс-қимылды қолдауға дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ зияткерлік меншікті тиімді қорғау жүйесін дамытуға және денсаулық сақтау саласының орнықтылығын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жетілдіруге өзара мүдделілігін растады.