
Женева, 2026 жылғы 11 мамыр – Дүниежузілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) штаб-пәтерінде «Әйелдер және зияткерлік меншік» Халықаралық симпозиумы аясында Қазақстан Республикасының «Бейбітшілік жолы» атты Бейбітшілік кілемі мәдени жобасының тұсаукесері өтті. Симпозиум дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған әйел-лидерлерді, сарапшылар мен жаңашылдарды топтастырды.
Ырза Тұрсынзада басқаратын «Алтын Орда» Халықаралық қолөнершілер академиясы жүзеге асырып жатқан жобаны Қазақстан Республикасының ДСҰ және басқа халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев таныстырды.
Симпозиум инновациялар, зияткерлік меншік және шығармашылық экономика саласындағы әйелдердің рөлін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар әйел-өнертапқыштар мен кәсіпкерлерді қолдау, инклюзивті саясатты дамыту және білім мен технологияларға қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бейбітшілік кілемінің тұсаукесері ерекше қызығушылық тудырды. Тұрақты өкіл Қ. Төребаев өз сөзінде бұл жай ғана өнер туындысы емес, мәдениеттер мен халықтардың бірлігінің символы екенін атап өтті. Бүгінде кілемнің ұзындығы 70 метрден асып, түкпір-түкпірдегі шеберлердің қатысуы арқасында өсе беруде. Оның әр фрагменті түрлі халықтардың бірегей дәстүрлері мен тарихын бейнелейді.
«Бейбітшілік жолы» атты Бейбітшілік кілемі – бейбітшіліктің, өзара түсіністіктің және мәдени әралуандықтың рәмізі. Ол адамдарды өнер арқылы біріктіреді», – деп атап өтті Тұрақты өкіл.
ДЗМҰ-ның инновациялар дамытуға және әйелдерді қолдауға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде кілемнің жаңа фрагменттерінің бірі осы ұйымға арналатын болады.
Жобаның тұсаукесері симпозиум күн тәртібін органикалық толықтырып, заманауи білім экономикасын қалыптастырудағы әйелдердің маңызды рөлін айқындады. Зияткерлік меншік саласындағы әйелдерді қолдау тұрақты даму мен тең мүмкіндіктердің маңызды факторы ретінде қарастырылады.
Қазақстан зияткерлік меншік, мәдениет және шығармашылық индустриялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға берілгендігін растады.