
Женева, 2026 жылғы 4 және 6 мамыр – Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу жөніндегі орган Төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Белиздің төртінші Сауда саясатына шолуы өтті.
Белиз делегациясын Женевадағы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкіл доктор Гарольд Янг басқарды. Отырыстар барысында ел әлеуметтік-экономикалық даму, макроэкономикалық тұрақтылық, COVID-19 пандемиясынан кейінгі қалпына келу, сондай-ақ сауда және инвестициялық саясат саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат ұсынды.
Отырыстар барысында 2019-2030 жылдарға арналған Ұлттық сауда саясатын іске асыруға, «көк экономиканы» дамытуға, кеден реттеуін реформалауға, цифрлық трансформация мен экономиканы әртараптандыруға ерекше назар аударылды. ДСҰ мүшелері Белиздің балық шаруашылығына субсидиялар туралы келісімді ратификациялағанын, 2026 жылғы ақпанда елдің ДСҰ жанындағы тұрақты өкілдігін ашқанын және сауда рәсімдерін жеңілдету саласындағы прогресті жоғары бағалады. Сонымен бірге хабарлама міндеттемелеріндегі олқылықтарды жою, сауда шығындарын азайту және бәсекелестік туралы заң қабылдау қажеттілігіне назар аударылды.
Шолудың талқылаушысы ретінде ДСҰ жанындағы Антигуа және Барбуда Тұрақты өкілі Колин Мердок сөз сөйледі. Талқылау барысында ДСҰ-ға мүше 26 мемлекеттің делегациялары Белиздің көпжақты сауда жүйесіне интеграциялану жөніндегі күш-жігерін қолдап, шағын осал экономикаларға техникалық көмекті кеңейтуге шақырды.
Төраға Қайрат Төребаев Белиз делегациясы мен ДСҰ мүшелеріне конструктивті әрі мазмұнды диалог үшін алғыс білдіріп, Сауда саясатына шолу механизмі транспаренттілікті нығайтудың және орнықты экономикалық дамуға бағытталған реформаларды қолдаудың негізгі құралы болып табылатынын атап өтті.
Белиздің Сауда саясатына шолуы Қазақстанның ДСҰ-ның Сауда саясатын шолу жөніндегі органындағы жылдық төрағалығы аясындағы соңғы іс-шара болды. Қайрат Төребаевтың басшылығымен өткен төрағалық кезеңінде Brexit-тен кейін Ұлыбританияның алғашқы Шолуын, сондай-ақ Норвегия, Колумбия және басқа да ДСҰ мүше мемлекеттерінің шолуларын қоса алғанда, 12 шолу жүргізілді.
Сауда саясатын шолу жөніндегі органның жаңа төрағасының өкілеттіктері ДСҰ жанындағы Самоа Тұрақты өкілі Нелла Пепе Тавита-Леви ханымға беріледі. Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымның барлық мүшелеріне төрағалық жыл бойындағы ынтымақтастық пен қолдауы үшін алғысын білдіреді.
Келесі Сауда саясатына шолу 2026 жылғы 27 және 29 мамырда өтеді және Жапонияға арналады.