
Яунде, 2026 жылғы 29 наурыз – Камерун Республикасының астанасында Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 14-ші Министрлік конференциясы (МК-14) өз жұмысын аяқтады. Аталған іс-шара ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің министрлері мен делегация басшыларын біріктіріп, көпжақты сауда жүйесінің дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Конференция қорытындысы бойынша ДСҰ мүшелерінің ашық, инклюзивті және ережелерге негізделген халықаралық сауда жүйесіне бейілділігін растайтын маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, министрлер жаһандық сауданың тұрақтылығын нығайтуға және дамушы әрі ең аз дамыған елдерді қолдауға бағытталған бірқатар шешімдерді мақұлдады. Маңызды нәтижелердің бірі балық шаруашылығына берілетін субсидиялар туралы келісім бойынша жұмыстың ілгерілеуі болды, бұл ДСҰ мүшелерінің теңіз ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен күш-жігерін көрсетеді.
ДСҰ реформасы мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Министрлер Ұйымды жаңғыртуға, оның тиімділігін арттыруға және жаһандық экономиканың қазіргі сын-қатерлеріне бейімдеуге деген ортақ ұмтылысты растады. Талқылаулар барысында шешім қабылдау рәсімдерін жетілдіру, мүшелер арасындағы сенімді нығайту және әділ сауда шарттарын қамтамасыз етудегі ДСҰ-ның рөлін күшейту сияқты алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.
Цифрлық сауда мәселелерін талқылауда да елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді. ДСҰ мүшелері электрондық коммерция жөніндегі жұмыс бағдарламасы аясында белсенді жұмысты жалғастыруға келісті, бұл ретте цифрлық алшақтықты қысқартуға және дамушы елдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Конференция сондай-ақ ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және орнықты даму мәселелері бойынша мазмұнды диалог алаңына айналды. Министрлер ең аз дамыған елдер мен азық-түлікті таза импорттаушы елдердің мүдделерін қоса алғанда, барлық мүшелердің мүдделерін ескеретін теңгерімді шешімдерді іздеудің маңыздылығын атап өтті.
Талқылаулар барысында инвестицияларды дамытуға жәрдемдесу, ең аз дамыған елдерді қолдау, сондай-ақ шағын және осал экономикалардың халықаралық саудаға қатысуын күшейту мәселелері қамтылды.
Конференция шеңберінде Қазақстан Республикасының делегациясы күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша, оның ішінде ауыл шаруашылығы, цифрлық сауда және ДСҰ реформасы мәселелері бойынша талқылауларға белсенді қатысты. Қазақстан бірқатар мәлімдемелер жасап, ашық және ережелерге негізделген сауда жүйесін сақтаудың маңыздылығын, сондай-ақ дамушы елдердің, оның ішінде теңізге шығатын жолы жоқ елдердің мүдделерін ескеру қажеттігін атап өтті.
Конференция қатысушылары іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Камерун Республикасының Үкіметі мен халқына көрсетілген жылы қабылдау және жұмыс үшін жасалған тамаша жағдайлар үшін алғыстарын білдірді.
Яундеде қол жеткізілген келісімдер мен нәтижелер Женевадағы алдағы кездесулер қарсаңында келіссөздерді одан әрі ілгерілету және көпжақты сауда жүйесін нығайту үшін берік негіз қалайды.