Қазақстан Яундеде ДСҰ-ға қосылу мәселелері бойынша 14-ші Қытай дөңгелек үстеліне қатысты

Қазақстан Яундеде ДСҰ-ға қосылу мәселелері бойынша 14-ші Қытай дөңгелек үстеліне қатысты

Яунде, 2026 жылғы 25 наурыз – Камерун Республикасының Яунде қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының 14-ші Министрлік конференциясы (МК-14) қарсаңында Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев ДСҰ-ға қосылу мәселелері бойынша 14-ші Қытай дөңгелек үстеліне спикер ретінде қатысты.

Дөңгелек үстелге ДСҰ-ға қосылу процесінің әртүрлі кезеңдеріндегі елдер, ДСҰ мүшелері және халықаралық серіктестер қатысып, қосылу, экономикалық реформалар жүргізу және жаһандық сауда жүйесіне интеграция мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Қазақстанның Тұрақты өкілі  ДСҰ-ға қосылу процесі жоғары деңгейдегі институционалдық дайындықты және мемлекеттік саясаттың үйлесімділігін талап ететінін атап өтті. Қосылудың табысты болуы мемлекеттік органдар арасындағы тиімді үйлестіруге, ұлттық басымдықтарды нақты айқындауға және бизнес-қоғамдастықпен белсенді өзара іс-қимылға байланысты екені айтылды.

Қазақстан тәжірибесіне сүйене отырып, реформаларды кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүргізу неғұрлым болжамды әрі тұрақты сауда ортасын қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді. Қазақстан 2015 жылы ДСҰ-ға қосылғаннан бері елдің сыртқы сауда айналымы екі есеге жуық өсіп, 140 млрд. АҚШ долларынан асты, ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 200 млрд. АҚШ долларынан асып, оның ішінде шикізаттық емес секторларға бағытталған инвестициялар да бар.

Сөз барысында ДСҰ қызметіне толыққанды қатысуға көшу қажеттілігі атап өтілді, оның ішінде комитеттер жұмысына қатысу, келіссөздерге қатысу және ұйым құралдарын тұрақты негізде пайдалану мәселелері қамтылды.

Сонымен қатар, Орталық Азия өңіріндегі қосылу процестері өңірлік экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні, бұл теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдер үшін ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

Іс-шара қатысушылары ДСҰ-ға қосылуға деген қызығушылықтың әртүрлі өңірлерде, оның ішінде Африкада жоғары деңгейде сақталып отырғанын атап өтті, бұл көпжақты сауда жүйесіне экономикалық интеграция мен реформаларды жүргізудің тиімді алаңы ретінде деген сенімнің сақталып отырғанын көрсетеді.

Қазақстан ДСҰ-ға қосылу процесінің барлық кезеңдерінде елдермен практикалық тәжірибе алмасуға және қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

ДСҰ-ның 14-ші Министрлік конференциясының ресми ашылуы 2026 жылғы 26 наурызда Яунде қаласында өтеді және төрт күнге созылып, 2026 жылғы 29 наурызға дейін жалғасады.