
Женева, 2026 жылғы 13 ақпан – 11 және 13 ақпанда Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу жөніндегі органның төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Папуа–Жаңа Гвинеяның Сауда саясатына шолу өтті.
Папуа – Жаңа Гвинея делегациясын БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі мен басқа халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкіл Мишель Хау’офа ханым басқарды. Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, COVID-19 пандемиясынан кейінгі экономиканы қалпына келтіру шаралары, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар туралы ақпарат ұсынылды.
Ұлттық сауда саясатының 2017–2032 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру, Ұлттық сауда офисін құру, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, өңдеуші өнеркәсіпті қолдау және қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыру жөніндегі саясатқа ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Ұлттық сауда порталын енгізу, «бір терезе» жүйесін дамыту, цифрлық трансформация және инфрақұрылымды нығайту бағытындағы шаралар атап өтілді.
ДСҰ мүшелері Папуа – Жаңа Гвинеяның көпжақты сауда жүйесіне бейілділігін, Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімді іске асырудағы қатысуын, инвестициялық бастамалар мен балық шаруашылығына субсидиялар бойынша келіссөздердегі белсенділігін жоғары бағалады. Сонымен қатар транспаренттілік пен хабарлама міндеттемелерін орындауды одан әрі жетілдіру қажеттілігі атап өтілді.
Төраға Қайрат Төребаев Папуа – Жаңа Гвинея делегациясына және ДСҰ мүшелеріне мазмұнды әрі конструктивті пікір алмасу үшін алғысын білдіріп, Сауда саясатына шолу механизмі сенімді нығайтуға, транспаренттілікті арттыруға және орнықты экономикалық дамуға бағытталған реформаларды қолдауға ықпал ететінін атап өтті.
Келесі шолу 2026 жылғы 4 және 6 мамырда өткізіліп, Белиздің Сауда саясатына шолуына арналатын болады.