Вануатудың Сауда саясатын шолу рәсімі ДСҰ-да Қазақстанның төрағалығымен өтуде

Вануатудың Сауда саясатын шолу рәсімі ДСҰ-да Қазақстанның төрағалығымен өтуде

Женева, 2025 жылғы 10 желтоқсан – 10 және 12 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу органының Төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Вануатудың Сауда саясатын шолу рәсімі өтуде.

Вануату делегациясын ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Самбуйя Антас мырза басқарады. Отырыс барысында Вануату Vision 2030 ұлттық даму стратегиясының іске асырылуы, табиғи апаттар мен пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру шаралары, цифрлық сауданы дамыту, инвестициялық саясатты жетілдіру және сауда рәсімдерін оңтайландыру жөніндегі реформалар туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм және қызмет көрсету салаларындағы экспорттық әлеуетті арттыру және экономика климаттық қауіп-қатерлер мен стихийлі апаттарға төзімділігін күшейту мәселелеріне назар аударылды.

ДСҰ мүшелері Вануатудың көпжақты сауда жүйесіне адалдығын, ВТО органдарындағы белсенді жұмысын және реформалар жөніндегі талқылауларға, соның ішінде сауданы жеңілдету, инвестицияларды қолдау, электрондық коммерция және балық шаруашылығын орнықты басқару бастамаларына қатысуын жоғары бағалады. Вануатудың климаттық күн тәртібін ілгерілетудегі және шағын аралдық дамушы мемлекеттердің мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Төраға Қайрат Төребаев Вануату делегациясына және ДСҰ мүшелеріне сындарлы әрі мазмұнды пікір алмасқаны үшін алғыс айтып, Сауда саясатын шолу рәсімі транспаренттілікті арттыруға, сенімді нығайтуға және орнықты экономикалық өсу мен дамуға бағытталған реформаларды қолдауға мүмкіндік беретін маңызды тетік екенін атап өтті.

Вануатудың Сауда саясатын шолу рәсімі 2025 жылы жоспарланған Сауда саясатын шолулардың соңғысы болып табылады. 2025 жылы ДСҰ-ның Сауда саясатын шолу тетігі аясында барлығы 16 шолу өткізілді, бұл мүше елдердің сауда режимдерінің ашықтығы мен болжамдылығын нығайтуға үлес қосты. ДСҰ шеңберіндегі келесі Сауда саясатын шолу 2026 жылғы ақпанда өтеді және Гамбияға арналмақ.