
Женева, 2025 жылғы 1 желтоқсан – 1 және 3 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу органының Төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Таиландтың тоғызыншы Сауда саясатын шолу рәсімі өтуде.
Таиланд делегациясын Сауда вице-министрі Кирида Баопичит ханым басқарады. Отырыс барысында таиландтық тарап 2037 жылға қарай жоғары табысты ел мәртебесіне қол жеткізуге, инновацияларды ілгерілетуге және жаһандық құн тізбектеріндегі орнын нығайтуға бағытталған ұлттық даму стратегиясының іске асырылуы туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, кедендік әкімшілендіруді жаңғырту, Сауданы жеңілдету жөніндегі ДСҰ келісімі бойынша міндеттемелерді толық орындау, цифрлық трансформация және электр көлігі, электроника және жасыл энергетика сияқты жоғары технологиялық өндірісті ынталандыру шараларына ерекше назар аударылды.
ДСҰ мүшелері Таиландтың көпжақты сауда жүйесіне адалдығын және ДСҰ реформалау үдерісіндегі белсенді рөлін жоғары бағалады, оның ішінде электрондық коммерция, қызметтер саудасын реттеу және инвестицияларды ілгерілету жөніндегі бірлескен бастамаларға қатысуын атап өтті. Талқылау барысында тарифтік режимдерді одан әрі оңайлату, хабарлама ұсыну тәртібі, техникалық реттеудің болжамдылығы және шетелдік инвестициялар үшін жағдайларды жақсарту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Төраға Қайрат Төребаев Таиланд пен ДСҰ мүшелеріне сындарлы және нәтижеге бағытталған диалог үшін алғыс айтып, Сауда саясатын шолу рәсімі транспаренттілікті арттырудың, реформаларды жалғастыруға жәрдемдесудің және орнықты экономикалық дамуға ықпал етудің маңызды тетігі екенін атап өтті.
Сауда саясатын шолулар сауда режимдерінің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуде, елдердің көпжақты сауда жүйесіне интеграциялануын қолдауда және ДСҰ мүшелері арасындағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады.
2025 жылы Қазақстанның төрағалығымен өтетін келесі және соңғы Сауда саясатын шолу рәсімі 10 және 12 желтоқсанда өтеді және Вануатуға арналатын болады.