Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына 10 жыл: ашық және әділ сауда саясатына берік ұстаным

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына 10 жыл: ашық және әділ сауда саясатына берік ұстаным

Женева, 2025 жылғы 30 қараша – Бүгін Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғанына он жыл толып отыр. 2015 жылғы 30 қарашада қабылданған бұл тарихи шешім Қазақстанның жаһандық экономикаға ықпалдасуының маңызды кезеңіне айналып, еліміздің көпжақты сауда жүйесінің қағидаларына негізделген ашық, әртараптандырылған және болжамды сауданы дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын айқындады.

Он жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізіп, әлемдік саудадағы сенімді әрі жауапты қатысушы ретіндегі өз позициясын нығайтты. Елдің Жалпы ішкі өнімі 100 миллиард АҚШ долларынан астам өсіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 290 миллиард долларға жетті. Сыртқы сауда көлемі 76-дан 142 миллиард АҚШ долларына дейін өсіп, екі есеге жуық артты. Бүгінде Қазақстанның сыртқы саудасының 96 пайызы ДСҰ мүшелерімен жүзеге асырылуда, бұл көпжақты сауда жүйесінің еліміздің дамуы үшін айрықша маңызды екенін көрсетеді. Экспорт көлемі 46-дан 82 миллиард долларға дейін ұлғайып, экспортталатын тауарлар тізімі мыңға жуық позицияға кеңейді.

Қызметтер саласы да тұрақты өсім көрсетуде: көрсетілетін қызметтердің сыртқы саудасы 40 пайызға өсіп, 25 миллиард долларға жетті. Қызмет экспорты екі есеге – 6-дан 12 миллиард долларға дейін артты, бұл ең алдымен көлік, логистика, іскерлік және қаржылық қызметтердің дамуының нәтижесі. Ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы да екі есеге артты: экспорт көлемі 2-ден 5 миллиард долларға дейін өсіп, Қазақстан дәнді-дақылдар, ұн, майлы дақылдар экспорттаушы ірі елдер қатарына нығайып, қайта өңделген өнімдер экспортын ұлғайта бастады.

Қазақстан инвестициялар үшін тартымды ел болып қала береді: ДСҰ-ға мүше болған он жыл ішінде ел экономикасына 217 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, оның 43 пайызы өңдеуші өнеркәсіпке бағытталып, индустриялық дамуды, инновацияларды және шикізаттық емес сектордағы жұмыспен қамтуды қолдады.

ДСҰ-ға мүшелік реформалардың қарқынды жүргізілуіне қуатты серпін берді. Қазақстан техникалық реттеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, субсидиялар, санитарлық және фитосанитарлық талаптар салаларында ұлттық заңнамасын ДСҰ ережелеріне сәйкестендіріп, реттеудің ашықтығын және бизнес сенімін айтарлықтай арттырды. Сауданы жеңілдетуге ерекше назар аударылуда: кедендік рәсімдерді цифрландыру нәтижесінде Қазақстан БҰҰ-ның сауданы жеңілдету жөніндегі жаһандық зерттеуінде көрсеткіштерін 36-дан 76 пайызға дейін жақсартты.

Қазақстан ұйымның дамуына да елеулі үлес қосып келеді. 2022 жылы Қазақстан Женевада өткен ДСҰ-ның Он екінші министрлік конференциясына төрағалық етті, онда жаһандық сауда жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды – балық шаруашылығындағы зиянды субсидияларды шектеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша. 2024 жылы Қазақстан өзінің сауда саясатын алғаш шолудансәтті өтіп, ДСҰ мүшелері экспортты әртараптандыру, ашықтықты арттыру және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытындағы реформаларды жоғары бағалады. 2025 жылдан бастап Қазақстанның Тұрақты өкілі Сауда саясатын шолу жөніндегі органға (TPRB) төрағалық етуде, бұл Қазақстанның көпжақты сауда жүйесіндегі өсіп келе жатқан рөлін мойындаудың айқын көрінісі.

ДСҰ-ға мүшелікке 10 жыл толуы – Қазақстанның дұрыс бағыт таңдағанының маңызды дәлелі. Еліміз экспорт әлеуетін одан әрі кеңейте отырып, цифрлық сауданы ілгерілетуге, жоғары технологиялық және «жасыл» өндірісті дамытуға, сондай-ақ Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін нығайтуға тұрақты түрде жұмыс істей береді. Қазақстан әділ, ашық және орнықты халықаралық сауда қағидаттарына берік және жаһандық сауда жүйесін нығайтуға өз үлесін қоса береді.