
Женева, 2025 жылғы 19 қараша – 17 және 19 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Женевадағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу органының төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Непалдың Сауда саясатын шолу жөніндегі үшінші рәсімі өтті.
Непал делегациясы, Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрлігінің хатшысы Рам Прасад Гхимире мырзаның басшылығымен, елдің экономикалық реформалар барысы туралы ақпарат ұсынды. Ғаламдық сын-қатерлерге қарамастан, Непал экономикалық өсімді сақтап, кедейлікті төмендетуді жалғастыруда және 2025 жылғы Сауда саясаты мен 2023 жылғы Ұлттық сауданы интеграциялау стратегиясы сияқты негізгі стратегиялық құжаттарды жаңартты.
ASYCUDA World жүйесі және Ұлттық бірыңғай терезе арқылы кедендік рәсімдерді цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ілгерілеушілік байқалды. Ерекше назар – гидроэнергетика саласындағы жетістіктерге, соның ішінде 2024 жылы Непал, Үндістан және Бангладеш арасында электр энергиясын экспорттау жөніндегі үшжақты келісімге, сондай-ақ Балық шаруашылығындағы субсидиялар жөніндегі Келісімді ратификациялауға аударылды.
ДСҰ мүшелері Непалдың көпжақты сауда жүйесіне адалдығын, сауданы жеңілдету және транспаренттілікті арттыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, экспортты әртараптандырудың шектеулігі, логистика шығындарының жоғары болуы және теңізге тікелей шыға алмауға байланысты құрылымдық қиындықтар сынды мәселелер аталды. Делегациялар Непалдың 2026 жылы Ең аз дамыған елдер санатынан шығуын қиындықсыз және тұрақты етуге қолдау білдірді.
Отырыс нәтижелерін қорытындылай келе, Төраға Қайрат Төребаев Непалға және ДСҰ мүшелеріне мазмұнды пікір алмасқаны және шолу кезіндегі жоғары ашықтық үшін алғыс білдіріп, жүргізіліп жатқан реформалардың елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Сауда саясатын шолу рәсімдері ДСҰ мүшелерінің сауда режимдерінің транспаренттілігі мен болжамдылығын нығайтып, елдердің жаһандық нарыққа одан әрі интеграциялануына ықпал ететінін атап өткен жөн. Қазақстанның төрағалығымен келесі шолу 2025 жылғы 25-27 қарашада Тунистің сауда саясатына арналмақ.