Қазақстан WIPO Pulse 2025 жаһандық зерттеуінің нәтижелерін Женевада ұсынды

Қазақстан WIPO Pulse 2025 жаһандық зерттеуінің нәтижелерін Женевада ұсынды

Женева 2025 жылғы 13 қараша – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтерінде ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен WIPO Pulse 2025 жаһандық есебін ұсыну рәсімі өтті.

Іс-шараны ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг ашып, зияткерлік меншік саласындағы жаһандық үрдістерді түсіну және неғұрлым инклюзивті халықаралық саясатты қалыптастыру үшін зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның жаһандық сауалнамаға қатысқан 74 елдің бірі екені атап өтілді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Азия–Тынық мұхиты өңірінің мемлекеттерінде халықтың зияткерлік меншіктің негізгі институттары туралы хабардарлығы айтарлықтай артқан, және Қазақстан осы оң өңірлік трендтің бір бөлігі болып табылады.

Отырыс барысында географиялық ерекшелігі бар ұлттық өнімдерді қорғаудың маңыздылығы да ерекше аталды. Мысал ретінде географиялық көрсеткіштердің мемлекеттік тізілімінде ресми тіркелген алматылық апорт келтірілді. Сондай-ақ мәдени мұраның элементтері болып табылатын және зияткерлік меншік тетіктері шеңберінде одан әрі ілгерілету мен ықтимал қорғау үшін әлеуеті бар қызылордалық күріш пен қазақстандық бал сияқты дәстүрлі өнімдер атап өтілді.

Іс-шарада сөз сөйлеген Тұрақты өкіл Қ. Төребаев зерттеу нәтижелері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін зияткерлік меншіктің өсіп келе жатқан маңыздылығын растайтынын және мемлекет жүргізіп отырған осы саладағы саясаттың тиімділігін көрсететінін атап өтті. Ол WIPO Pulse есебінің деректері зияткерлік меншік саласындағы ұлттық саясатты одан әрі жетілдіруге, білім беру бағдарламаларын дамытуға және жастарға, кәсіпкерлерге, сондай-ақ креативті индустрия өкілдеріне қолдау көрсету құралдарын кеңейтуге негіз болатынын атап өтті.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін BERENT тәуелсіз халықаралық зерттеу компаниясының өкілдері зияткерлік меншіктің тұрақты экономикалық өсу факторы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін растайтын жаһандық және өңірлік тенденцияларға егжей-тегжейлі талдау ұсынды.