
Женева, 2025 жылғы 11 қараша – Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Global Grain Geneva 2025 халықаралық конференциясының ашылуында негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйледі. Бұл конференция – әлемдік астық және агроөнеркәсіптік саланың жетекші форумдарының бірі болып табылады.
Биылғы форум Женевада жүздеген халықаралық агробизнес өкілдерін, трейдерлерді, инвесторлар мен сарапшыларды жинап, астық пен майлы дақылдарды өндіру, сауда және логистика салаларындағы жаңа үрдістерді, сондай-ақ жаһандық азық-түлікке сұраныстың арту жағдайындағы халықаралық ынтымақтастықтың болашағын талқылауға мүмкіндік берді.
Өз сөзінде Тұрақты өкіл Қ. Төребаев Қазақстанның өнімділікті арттыру, экспортты әртараптандыру және заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы сенімді азық-түлік жеткізуші ретінде позициясын нығайтып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылы елде астықтың рекордтық көлемі – 27,1 млн тонна жиналып, экспорт географиясы әлемнің 50-ке жуық еліне дейін кеңейгенін, соның ішінде Еуропа, Азия және Солтүстік Африка бағыттарының ашылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Тұрақты өкіл Қ. Төребаев Қазақстанның майлы дақылдарды өндіру мен қайта өңдеу саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын, күнбағыстың рентабельдігі 96%-дан асатынын, ал отандық өнімдердің Қытай мен Таяу Шығыс нарықтарына белсенді шығуда екенін атап өтті.
«Қазақстан ынтымақтастыққа, инновация мен бірлескен инвестицияларға әрдайым ашық әлемдік азық-түлік жүйесінің сенімді серіктесі болып қала береді», – деді Қайрат Төребаев.
Қазақстанның Global Grain Geneva 2025 форумына қатысуы ұлттық аграрлық мүдделерді ілгерілетуге, елдің жоғары сапалы және экологиялық таза өнім экспорттаушысы ретіндегі беделін нығайтуға және әлемдік агробизнес саласындағы жетекші компаниялармен серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды.