БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі 16-шы конференциясының ашылуы (ЮНКТАД-16)

БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі 16-шы конференциясының ашылуы (ЮНКТАД-16)

Женева, 2025 жылғы 20 қазан – Бүгін БҰҰ-ның Женевадағы Ұлттар Сарайының Ассамблея залында БҰҰ Сауда және даму жөніндегі 16-шы конференциясы (ЮНКТАД-16) салтанатты түрде ашылды. Конференцияға мемлекет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен іскер орта өкілдері жиналды.

Іс-шара тұрақты және инклюзивті экономикалық өсудің жаңа жолдарын іздеу, жаһандық қаржы архитектурасын реформалау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі пікірталастар сериясының бастамасы болды.

Конференцияда Қазақстан Республикасының делегациясын Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Сабырқызы Кушукова басқарып отыр. Ол «Сауданы қайта пайымдау: дамуға апарар кең жол» атты министрлік деңгейдегі дөңгелек үстелде спикер ретінде сөз сөйлеп, сауда саясатын тұрақты даму мен экономикалық әртараптандыру құралы ретінде қарастыру жөніндегі заманауи тәсілдерді талқылауға қатысуда.

Қазақстан жағы барша елдерге, әсіресе дамушы және өтпелі экономикасы бар мемлекеттерге мүмкіндіктер ашатын, неғұрлым әділ әрі инклюзивті жаһандық сауда жүйесін қалыптастыру ісіне өз үлесін қосуға дайын екенін білдіреді.

ЮНКТАД-16 конференциясы 24 қазанға дейін жалғасады және жаһандық сауда мен дамудың болашағын талқылайтын маңызды халықаралық алаңдардың бірі болмақ.