Қазақстанның төрағалығымен ДСҰ-да Шри-Ланканың бесінші Сауда саясатын шолу өтті

Қазақстанның төрағалығымен ДСҰ-да Шри-Ланканың бесінші Сауда саясатын шолу өтті

Женева, 2025 жылғы 17 қазан – 2025 жылғы 15 және 17 қазанда Женевада ДСҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының бесінші сауда саясатын шолу өтті.

Шри-Ланка делегациясын сауда, азық-түлік қауіпсіздігі және кооперативтік даму министрі Васанта Самарасингхе басқарды. Отырыс барысында елдің экономикалық реформалары, макроэкономикалық тұрақтандыру және инвесторлардың сенімін арттыру шаралары талқыланды.

Көптеген делегациялар Үкіметтің құрылымдық реформаларды жалғастыруға деген табандылығын атап өтті. Сондай-ақ қарызды қайта құрылымдау, ашықтықты арттыру және кедендік рәсімдерді цифрландыру бойынша жетістіктер айтылды. ДСҰ мүшелері тауардың шығу тегінің электрондық сертификаттарын енгізуді, «бірыңғай терезе» жүйесін дамытуды және Балық шаруашылығына субсидиялар туралы келісімді ратификациялауды құптады. Елдің экспортты әртараптандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған күш-жігері атап өтілді.

Талқылау барысында Шри-Ланка экономикасы 2024 жылы 5% ЖІӨ өсімін көрсеткені, ал өнеркәсіп өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,2%-ға артқаны атап өтілді. Тауар экспорты ЖІӨ-нің 12,9%-ын құрады, ал Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімнің орындалу деңгейі 58%-ға жетіп, оны толық іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Бұл көрсеткіштер экономиканың біртіндеп қалпына келіп жатқанын және жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айғақтайды.

Қорытынды сөзінде Тұрақты өкіл Қайрат Төребаев талқылаулардың сындарлы өткенін атап өтіп, Шри-Ланка делегациясына ашық диалог пен транспаренттілікке бейілділігі үшін алғыс айтты.
Ол ДСҰ-ның Сауда саясатын шолуы көпжақты сауда жүйесіндегі ашықтықты, болжамдылықты және сенімділікті қамтамасыз ететін маңызды тетік екенін атап өтті.

Келесі шолу 2025 жылғы 28 және 30 қазанда өтеді және Ұлыбританияға арналмақ, бұл елдің Еуропалық одақтан шыққаннан кейінгі алғашқы сауда саясатын шолу болмақ.