Женева, 2025 жылғы 17-18 қыркүйек – Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) жыл сайынғы Паблик форумы өтті. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде жаһандық сауданың болашағын талқылайтын басты алаң болып табылады және цифрландыру, тұрақты даму, инклюзивтілік, дамушы елдердің жаһандық экономикаға қатысуы, сондай-ақ ДСҰ-ның жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясы жағдайындағы рөлі сияқты өзекті тақырыптарды қамтиды.
Форум аясында «Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылуы: экономикалық құндылық және өңірлік перспектива» тақырыбында панельдік сессия өтті. Сессияда негізгі спикерлердің бірі ретінде ҚР-ның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев сөз сөйледі.
Өз баяндамасында Тұрақты өкіл Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылуы тек елдің өзі үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тарихи оқиға болатынын атап өтті. Ол Қазақстанның тәжірибесі ұйымға мүшеліктің ұзақ мерзімді тиімділігін көрсететінін, атап айтқанда, Қазақстан 2015 жылы ДСҰ-ға қосылғаннан бері елдің сыртқы сауда айналымы 76 миллиард доллардан 134 миллиард долларға дейін өскенін, экспорт 45-тен 77 миллиард долларға дейін артқанын, ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі үш еседен астам ұлғайғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Қайрат Төребаев Қазақстандағы сауданың 98 пайызы ДСҰ қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын, бұл сауданың болжамдылығын, ең қолайлы режимді және халықаралық дауларды шешу тетіктеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімді (TFA) табысты іске асыру тәжірибесін мысалға келтіріп, соның нәтижесінде экспорттық рәсімдерді ресімдеу уақыты екі күннен 20 минутқа дейін қысқарғанын айтты.
Өңірлік интеграция тақырыбына тоқтала келе, Тұрақты өкіл Орта дәлізді дамыту Орталық Азиядағы сауда байланыстарын нығайтудың негізгі факторы екенін айтты. Оның айтуынша, 2023 жылы бұл бағыттағы жүк тасымалының көлемі 86%-ға артып, 3 миллион тоннаға жуықтаған, ал Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылуы осы бағытқа қосымша серпін береді.
Сессияда сондай-ақ ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала сөз сөйлеп, Өзбекстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, елдің ДСҰ-ға қосылуы реформалардың заңдылығын арттырып, инвесторлардың сенімін күшейтетініне және бүкіл өңір үшін оң сигнал болатынына назар аударды.