Женева, 2025 жылғы 15 қыркүйек – Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас кеңесінің арнайы отырысында Балық аулауға арналған субсидиялар туралы келісімнің күшіне енгені ресми түрде жарияланды. Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті қатысушылар санын қамтамасыз еткен соңғы ратификация құжаттарын Бразилия, Кения, Тонга және Вьетнам тапсырды.
Аталған келісім 2022 жылғы 17 маусымда Қазақстан төрағалығымен өткен ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясында (MC12) барлық мүше елдердің министрлері тарапынан қабылданды. Бұл ДСҰ құрылғаннан кейінгі екінші жаңа келісім және 2013 жылы Балида қабылданып, 2017 жылы күшіне енген Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімнен кейінгі алғашқы келісім болып табылады.
Құжат заңсыз, құжатталмаған және реттелмеген балық аулауға, артық пайдаланылып жатқан қорларды аулауға, сондай-ақ реттелмеген ашық теңіз аймақтарындағы балық аулауға берілетін субсидияларды тоқтатуды көздейді. Осылайша жыл сайынғы көлемі 22 млрд АҚШ долларын құрайтын зиянды субсидиялар қысқарып, теңіз экожүйелерін қорғауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың бағалауынша, заңсыз балық аулау әлемдік аулаудың 20%-ына дейін жетеді.
ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала атап өткендей, Балық аулауға арналған субсидиялар туралы келісім «тек қана балық қорының сарқылуын тоқтатуға емес, сонымен қатар миллиондаған адамдардың өмір сүру құралдары мен азық-түлік қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Бұл – жаһандық ортақ игіліктерге қатысты мәселелерге жауап әрі көпжақты сауда жүйесінің нақты нәтижелер бере алатынын көрсететін дәлел».
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 19 маусымда «Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойып, еліміз келісімді бекіткен болатын.
ДСҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Торебаев әлемдегі ең ірі теңізге шыға алмайтын мемлекет ретінде Қазақстан үшін көпжақты сауда жүйесін нығайтудың ерекше маңызы бар екенін атап өтіп, Қазақстан төрағалық еткен МК-12-де қабылданған осы тарихи шешіммен мақтанатынымызды жеткізді. Тұрақты өкілдің айтуынша, бүгінгі қадам ДСҰ-ның жаһандық маңызы бар уағдаластықтарға қол жеткізе алатынын растайды және Қазақстан мүше елдердің келіссөздерді аяқтау және қабылданған уағдаластықтарды іске асыру бойынша күш-жігерін әрі қарай қолдайтын болады.
ЮНКТАД Бас хатшысы Ребека Гринспан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің құттықтауын жеткізді. Ол келісімнің күшіне енуін Тұрақты даму мақсаттарының орындалуына және мұхиттарды жаһандық қорғауға қосылған маңызды үлес ретінде атап өтті.
Сонымен қатар, Барбадос, Чили, Исландия және Малайзия Премьер-министрлері бейнеүндеулерінде тарихи келісімнің мұхиттарды қорғаудағы және халықаралық сауда жүйесін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Келісім екіден үш мүше ел ратификациялағанына қарамастан, бүгіннен бастап барлық ДСҰ мүшелері үшін күшіне енді. Егер келісімнің ережелерін қандай да бір мүше бұзатын болса, бұл мәселе ДСҰ дауларды шешу органына шығарылуы мүмкін.
Сонымен бірге, 17 ел арнайы құрылған ДСҰ Балық қорына 18 млн АҚШ долларын аударды. Қор дамушы және ең аз дамыған елдерге келісімді іске асыруда техникалық көмек пен қолдау көрсетуге бағытталған.