Қазақстан мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым климат және экология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым климат және экология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Женева, 2025 жылғы 14 тамыз – Қазақстан Республикасының Президентінің Кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова және ҚР-ның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің өкілдері Женевадағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) штаб-пәтерінде Бас хатшы Селеста Сауломен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен ДМҰ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, соның ішінде климаттық мониторинг, климаттың өзгеруіне бейімделу және тұрақты даму салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады.

Зүлфия Сүлейменова Орталық Азияның ұлттық гидрометеорологиялық қызметтері үшін Бірыңғай өңірлік платформаны құру жөніндегі Қазақстан бастамасын қолдағаны үшін, сондай-ақ Адаптациялық қор тарапынан мақұлданған «Орталық Азияда құрғақшылықты кешенді басқару» (IDCA) аймақтық жобасын ілгерілетуге жәрдемдескені үшін ДМҰ-ға алғыс білдірді.

Әсіресе Арал маңында метеостанциялар мен экологиялық бекеттер желісін құру жобасына ерекше назар аударылды. Жоба Арал теңізі бассейніндегі мониторингті жақсартуға және экологиялық қатерлердің трансшекаралық әсерін азайтуға бағытталған. Қазақстан ДМҰ-ның қаржыландыру көздерін анықтаудағы және мониторинг деректерін жаһандық ақпараттық жүйелерге интеграциялаудағы қолдауына үміт артады.

Кездесу барысында Зүлфия Сүлейменова Селеста Саулоны 2026 жылғы сәуірде Қазақстанда өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды. Ол саммиттің климат, су және экологиялық сын-қатерлерді талқылайтын маңызды халықаралық алаң болатынын атап өтті.

Селеста Сауло шақырту үшін алғыс білдіріп, ДМҰ-ның саммитке қатысуға мүдделі екенін және Қазақстанның аймақтағы климат және экологиялық тұрақтылық мәселелерінде күшті де негізгі ойыншы екенін атап өтті.

Тараптар өңірлік және жаһандық деңгейлерде климат және экология бойынша негізгі бастамалар шеңберінде ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.