Қазақстан ДСҰ Cауда саясатын шолу жөніндегі органын басқарды

Қазақстан ДСҰ Cауда саясатын шолу жөніндегі органын басқарды

Женева, 2025 жылғы 20 маусым – Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде ДСҰ Бас кеңесінің шешімі бойынша ДСҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілі Қайрат Төребаев Сауда саясатын шолу органының (ССШО) төрағасы қызметіне ресми түрде кірісті.

Сауда саясатын шолу органы Бас кеңеспен және Дауларды шешу органымен бірге ДСҰ-ның үш негізгі органының бірі болып табылады. Оның негізгі міндеті-ДСҰ-ның барлық мүшелерінің сауда саясатын үнемі талдау және талқылау арқылы халықаралық саудадағы ашықтықты қамтамасыз ету.

Қазақстанның ұйымға мүше болу тарихында тұңғыш рет оның өкілі осындай жоғары құрылымды басқарды. Сонымен қатар, Қазақстан жаһандық сауда реттеудің осы негізгі тетігін басқарған ТМД мемлекеттерінің ішінен бірінші ел болды.

Бұл тағайындау Қазақстанның ДСҰ-ның белсенді және сындарлы қатысушысы ретіндегі беделін маңызды тану болып табылады, халықаралық сауда қоғамдастығы тарапынан жоғары сенім деңгейін көрсетеді және біздің еліміздің ашық, инклюзивті және әділ көпжақты сауда жүйесін дамытуға тұрақты үлесін растайды.

Өзінің кіріспе сөзінде Қайрат Торебаев алдыңғы төрағаға атқарған еңбегі мен Сауда саясатын шолу органы жұмысының тиімділігіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол төраға ретіндегі міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқаруға және ДСҰ мүшелері арасында сындарлы диалогты нығайтуға дайын екенін растады.

2024 жылғы қыркүйекте Женевада Қазақстанның ДСҰ-ға қосылған сәттен бергі алғашқы Сауда саясатын шолу рәсімі өтті. Бұл шолу Қазақстанның жетістіктерін халықаралық деңгейде таныстыру алаңы болды. Халықаралық әріптестер елдің экономиканы әртараптандыру және сауда рәсімдерін оңайлату салаларындағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстанның сенімді сауда серіктесі ретіндегі беделін тағы бір мәрте растады.