Қазақстан Елшісі Еврей мұражайындағы іс-шараға қатысты

Қазақстан Елшісі Еврей мұражайындағы іс-шараға қатысты

Нью-Йорк, 2025 жылғы 28 сәуір – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Холокост құрбандарын еске алу апталығы аясында Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев Нью-Йорк қ. Еврей мұражайы мен Этносаралық түсіністік қоры (FFEU) бірлесіп ұйымдастырған, Холокост жылдарында Қазақстанның көрсеткен гуманитарлық қолдауына арналған арнайы іс-шараға қатысты.

Қор Президенті Марк Шнайермен сұхбат барысында Е.Ашықбаев Қазақстанның Холокост құрбандарына терең құрметпен қарайтынын және бұл тарихи қасіретті бүкіл адамзат үшін маңызды сабақ ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жүздеген мың босқынға, соның ішінде еврей қауымына да пана болғанын еске салды.

Елші Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыру мен нығайтудағы бірегей тәжірибесіне ерекше тоқталып, түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен құрметті ілгерілетуге бағытталған беделді халықаралық платформа ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол биыл қыркүйек айында Астанада өтетін VIII Съезге дайындық барысы туралы мәлімет берді.

Кездесуге қатысушылармен пікір алмасу барысында Елші биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне де ерекше мән беріп, бұл конституциялық органның этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық тұтастықты арттыру және барлық этномәдени топтарды елдің даму мен жаңғыру үдерістеріне кеңінен қамтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Өз кезегінде, раввин М.Шнайер Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалап, Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу тәжірибесімен бөлісіп, аталған форумның жаһандық деңгейдегі сындарлы дінаралық диалогты дамытудағы ерекше орнын атап өтті.