Вашингтон, 2025 жылғы 11 сәуір – Джорджтаун университетінде Еуразиялық, Ресейлік және Шығыс Еуропалық зерттеулер орталығы (CERES) ұйымдастырған «Crude Awakening» конференциясы өтті. Іс-шара аясында сарапшылар мен саясаткерлер Орталық Азиядағы өңірлік үдерістер мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін кеңінен талқылады.
Панельдік отырыстардың бірінде Қазақстан Республикасының Елшісі Ержан Ашықбаев негізгі спикер ретінде сөз сөйледі. «Энергетикалық болашақ және қазақстандық-америкалық қатынастар» тақырыбындағы баяндамасында Елші Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің өзектілігін атап өтіп, өңірдің энергетикалық трансформациясы экономикалық шынайылықтарды, орнықты даму қағидаттарын және өңірлік тұрақтылықты ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін баса айтты.
Елші Қазақстанның уран мен сирек кездесетін пайдалы қазбалар қорына бай ел ретінде жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қазірдің өзінде үлес қосып отырғанын және жаңа энергетикалық архитектураларды қалыптастыруға белсенді қатысуға дайын екенін еске салды. Бұл бағыттар қатарында бейбіт ядролық энергетиканы дамыту мен сирек кездесетін металдары саласындағы әріптестікті кеңейту бар.
«Біз тек шикізат жеткізуші ғана емес, жаһандық энергетикалық көшудің толыққанды қатысушысы болуға ұмтыламыз», – деді ол.
Конференция барысында өңірлік энергетика мәселелеріне қатысты сараптамалық пікірлерімен белгілі зерттеушілер Брианна Тодд (NESA орталығы), Артемий Калиновский (Temple университеті) және Вадим Гришин (Джорджтаун университеті) бөлісті. Олар Орталық Азия энергожүйесінің қайта құрылымдау үдерістері мен стратегиялық ресурстар бойынша әріптестіктің болашағын жан-жақты қарастырды.
Сонымен қатар, Джорджтаун университеті жанынан Орталық Азияны зерттеуге арналған арнайы жұмыс тобын құру жоспары жарияланды. Бұл бастама өңірлік мәселелер бойынша академиялық және сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Конференцияға АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Дэниел Розенблюм, сондай-ақ АҚШ-тың Түрікменстандағы бұрынғы Елшілері Стивен Манн мен Лора Кеннеди қатысты. Олар АҚШ-тың өңірдегі болашақ қатысуы мен энергетикалық трансформация үдерісіндегі жеке сектордың рөліне қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
Іс-шара соңында қатысушылар Орталық Азияның орнықты энергетикалық болашағы тек халықаралық серіктестікті нығайту және ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасты қалыптастыру арқылы мүмкін болатынын атап өтті.
Конференция қорытындылары АҚШ Әкімшілігінің Орталық Азияға бағытталған саясаты аясында жаңа тәсілдер мен ұсыныстар әзірлеу үшін пайдаланылуы жоспарлануда.