Астана мен Вашингтон консулдық салада «сағаттарын теңестірді»

Астана мен Вашингтон консулдық салада «сағаттарын теңестірді»

Вашингтон, 2024 жылғы 23 сәуір – Вашингтонда екі елдің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ Мемлекеттік департаменті арасында консулдық консультациялар өтті.

Қазақстандық делегацияны ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, америкалық делегацияны АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросы Орталық Азия бойынша басқармасының директоры Брайан Стиммлер басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар көптеген мәселелерді, соның ішінде азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету, екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, ҚР-дан асырап алынған балаларға бақылауды күшейту бойынша іс-қимылды талқылады. Көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ҚР азаматтарының АҚШ-қа заңсыз көші-қонының жолын кесу бойынша бірлескен шаралар белгіленді.

Консультацияларға қатысушылар туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететін екі елдің азаматтары үшін виза беру рәсімдерін оңайлату мен жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тұрақты негізде консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және арттыруға дайындығын растады.

Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық делегация америкалық «Winrock International» ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізіп, оның барысында заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл перспективаларын талқыланды.