Қазақстандық делегацияның Дүниежүзілік банк пен Халықаралық Валюта Қорының Көктемгі сессияларына қатысуы

Қазақстандық делегацияның Дүниежүзілік банк пен Халықаралық Валюта Қорының Көктемгі сессияларына қатысуы

Вашингтон, 2024 жылғы 19 сәуір – 2024 жылғы 15-19 сәуір аралығында ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовадан құралған қазақстандық делегация Дүниежүзілік банктің және Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы Көктемгі сессиясына қатысты.

ДБ және ХВҚ басшыларымен, халықаралық қаржы институттарымен және АҚШ Сауда палатасымен өткен кездесулер екіжақты және көпжақты экономикалық өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын талқылауға мүмкіндік берді.

Кездесулер аясында қазақстандық делегация қатысушыларды ҚР Президенті Қ.Тоқаев реформаларының негізгі мазмұндарымен және экономиканы одан әрі тұрақты дамытуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа құрамдағы ҚР Үкіметінің міндеттерімен таныстырды.

Көктемгі сессия кездесулері аясында қозғалған маңызды тақырыптардың бірі су басқан ҚР өңірлерін жедел қалпына келтіру мәселесі болды. Дүниежүзілік банк өкілдері Банктің қолжетімді құралдары арқылы ҚР Үкіметіне қалпына келтіру жұмыстарына жәрдемдесуге дайындығын білдірді. Тараптар сондай-ақ тәуекелдерді басқару және апаттарды болжау саласында жемісті ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті. Сонымен қатар, сапар барысында «Google» компаниясымен кездесу өтіп, компанияның өкілдері маусымдық су тасқынын жоғары дәлдікпен болжау үшін цифрлық шешімдерді ұсынуға дайындығын атап өтті.

Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша Вице-президенті А.Бассанимен әңгімелесу барысында тараптар ҚР мен ДБ тобы арасындағы тығыз өзара іс-қимылды жоғары бағалады және ҚР фискалдық саясатты жақсарту жөніндегі шаралар кешенін табысты іске асыруды атап өтті. А.Бассани Қазақстанның өңірдегі өсіп келе жатқан рөлін және елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды оң атап өтті.

Дүниежүзілік банк алаңында сондай-ақ шетелдік қаржы институттарының, Австрия, Түркия, Венгрия орталық банктерінің басшыларымен, оның ішінде Еуропалық Орталық банктің президенті К.Лагардпен кездесулер өтті.

ҚР делегациясының Moody's және Standard&Poor's сияқты халықаралық рейтингтік агенттіктердің басшылығымен келіссөздері аясында серіктестерге Қазақстан экономикасын, монетарлық саясатты, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын дамытудың қорытындылары мен перспективалары жеткізілді.

Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің мүшелерімен дөңгелек үстел барысында қазақстандық делегация АҚШ-пен сауда-экономикалық қатынастарды, ҚР бизнес-ахуалын жақсарту жөніндегі реформаларды және Орта дәлізді инфрақұрылымдық дамыту қажеттілігін егжей-тегжейлі талқылады.

Сонымен қатар, көктемгі сессиялар аясында Дүниежүзілік банк алаңында Банк дайындаған Орта дәлізді дамыту туралы баяндаманың тұсаукесері өтті. Іс-шараға Оңтүстік Кавказ елдері делегацияларының, АҚШ Мемлекеттік департаментінің, USAID өкілдері және т.б. қатысты.