2021 жылғы 24 қарашада Қазақстан Елшілігі Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі жаңа көмекшісі Дональд Лумен кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары қатысты.
Экономикалық салалардағы ынтымақтастықты дамытудың, COVID-19 пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсерудің, сондай-ақ климаттық дағдарысқа қарсы тұрудың өзекті мәселелері кездесудің басты тақырыптарының біріне айналды.
Тараптар "С5+1” диалогтық алаңының маңыздылығын құптап, оның өңірлік ынтымақтастық мәселелерін шешудегі тиімділігін, оның ішінде Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсетуді атап өтті.
Сондай-ақ, қатысушылар Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі мен АҚШ-пен екіжақты қарым-қатынас орнатуының 30 жылдығын атап өтті және аймақтық форматтағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға үміт білдірді.