Министр Б.Сұлтановтың АҚШ-қа сапары

Министр Б.Сұлтановтың АҚШ-қа сапары

2021 жылғы 8-10 қарашада АҚШ-қа жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов бастаған делегация құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Сарбасов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ә.Қуантыров, сондай-ақ Сауда және интеграция вице-министрі Қ.Төребаев болды.

Сапар аясында Министр Б.Сұлтанов АҚШ Сауда өкілімен, АҚШ Сауда министрлігі, Халықаралық даму жөніндегі Америка қаржы корпорациясы, АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID), Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен, сондай-ақ Қазақстан-Америка іскерлік кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Министр Б.Сұлтанов АҚШ Сауда өкілі К.Таймен келіссөздер барысында алдағы ДСҰ 12-ші министрлер конференциясының күн тәртібін талқылап, әрбір мәселе бойынша Қазақстанның ұстанымын баяндады. Тараптар елдер мен аймақтардың ұстанымдарын жақындататын консенсус шешімдерін ұйым мүшелерінің қабылдауына ықпал ету үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін білдірді.

Екіжақты сауда қатынастары тұрғысынан Орталық Азия елдерінің TIFA сауда-инвестициялық негіздемелік келісімі аясындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. К.Тай Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы екіжақты және көпжақты экономикалық ынтымақтастықты құрудағы маңызды рөлін атап өтті.

Сондай-ақ министр Б.Сұлтанов АҚШ-тың Сауда өкілі К.Тайдың назарына өзара сауданы ұлғайту үшін Қазақстанға Тұрақты қалыпты сауда қатынастары (PNTR) мәртебесін берудің маңыздылығын жеткізді.

Сауда министрінің бірінші орынбасары Д.Грейвзбен кездесу барысында тараптар екіжақты сауданы әртараптандыру және дамыту саласындағы диалогты жалғастыруға және нығайтуға келісті. Б.Сұлтанов елдің 5 жылдық экспорттық бағдарламасын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстанды АҚШ-тың стратегиялық жеткізілім тізбегіне ендіруге қолдау көрсетуді ұсынды. Бұл екі ұсыныс та америкалық тараптан қолдау тапқан болатын.

Отырысқа Pfizer, Flour, Boeing, Citigroup компанияларынан келген Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің мүшелері Қазақстанда қолайлы бизнес-климатты, реттеуші ортаны жақсарту бойынша мемлекеттік шараларды және шетелдік инвесторлар үшін жасалған басқа да жағдайларды атап өтті.

«Valmont»компаниясының вице-президенті Дж.Диксонмен кездесу барысында Қазақстанда суару техникасын өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іс жүзінде жүзеге асыру бойынша алдағы қадамдар талқыланды.

Сондай-ақ, сапар аясында Сауда және интеграция вице-министрі Қ.Төребаев пен Ұлттық экономика вице-министрі А.Қуантыров Саясат және экономикалық санкцияларды енгізу басқармасының директоры Дж.Маллинекс пен  Мемлекеттік хатшының экономика және бизнес мәселелері жөніндегі көмекшісінің м.а. Э.Вудхауспен келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстандағы экономикалық өзгерістер мен өзара тиімді сауда қатынастарын жүргізу жолдарын іздеудің практикалық көзқарасын талқылады. Сондай-ақ америкалық тарап Қазақстанның ЭЫДҰ-ға кіру мәселесін талқылауға әзір екенін атап өтті.

А.Сарбасов пен Қ.Төребаев болған қазақстандық делегация АҚШ Еңбек министрі орынбасарының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі көмекшісі Т.Лимен, сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшылығы, Сауда өкілдігі және Еңбек министрлігінің мүшелерімен кездесулерінің басты тақырыбы еңбек қатынастары болды.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация USAID әкімшісі көмекшісінің орынбасары А.Каурмен кездесті, оның барысында бірқатар мәселелерді, соның ішінде KazAID-USAID ынтымақтастығы перспективаларын, Алматыда өңірлік логистикалық хаб құрудағы Қазақстанның әлеуетін, сондай-ақ әйелдердің экономикалық құқықтарын күшейтуді талқылады.

АҚШ Конгресіндегі бірқатар кездесулердің күн тәртібінде Джексон-Вэник түзетуін алып тастау бойынша одан әрі әрекеттерді жасау негізгі мәселе болды.