2021 жылғы 3-6 қараша аралығында қазақстандық делегацияның АҚШ-қа жұмыс сапары болды, оның құрамына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы Айдар Арифханов және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының КеАҚ Басқарма төрайымы Гүлмира Исаева кірген болатын.
Сапар аясында АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің, АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілдерінің, АҚШ Конгресінің, Дүниежүзілік банктің мүшелерімен кездесулер өтіп, сондай-ақ халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылған болатын.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды арттыру, сондай-ақ жергілікті және өңірлік деңгейде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің халықаралық істер жөніндегі басшысы Д.Уитлимен, Мемлекеттік хатшының көмекшісі Э.Фернандеспен, сондай-ақ Дүниежүзілік банк өкілдерімен талқыланған болатын.
Министр М.Бекетаев пен ҚР АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаевтың АҚШ конгрессмендері Дж.Макговерн, Т.Суози, Дж.Бузман және Т.Коттонмен өткен бірқатар кездесулер барысында Мемлекет басшысының демократиялық реформаларды жүзеге асырудағы жетістіктер, Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары және Қазақстан мен АҚШ арасындағы Тұрақты қалыпты сауда қатынастарын (PNTR) дамыту талқыланды.
Дөңгелек үстел аясында сарапшылар топтарына Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі тезистері және Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі институционалдық дамытуға және билік органдары мен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған реформалар пакеттері туралы ақпарат берілді.
Ү.ж. 4-6 қарашада делегация Небраска және Айова штаттарында болып, «Valmont» басшылығымен Қазақстанда заманауи суару және өнім шаруашылығы жүйелерін өндіретін зауыт салу туралы келісімді іс жүзінде жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді, сонымен қатар компанияның өндірістік алаңымен танысып қайтты.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашүкеев «Tyson Foods» компаниясымен келіссөздер жүргізіп, оның барысында Қазақстанда ет комбинатын іске қосу жобасын талқылады.
Жануарлардың репродуктивті технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы «Trans Ova Genetics», сондай-ақ «Cambridge Technologies» және «Rhea Cattle Company» компанияларына сапар аясында озық технологияларды қолдану арқылы етті мал шаруашылығында генетикалық ресурстарды сақтау және жетілдіру бойынша ғылыми жобалар шеңберінде ынтымақтастық құру бойынша пікір алмасу өтті.
Г.Исаеваның Небраска университетінің және «Теxas A&M» университетінің өкілдерімен өткен бірқатар кездесулер барысында тараптар ауыл шаруашылығына суды үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің барлық заманауи қажеттіліктерін қанағаттандыратын қазақстандық фермерлерге арналған бағдарлама дамыту мәселелерін талқылады.