Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаевтың Аризона штатына сапары

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаевтың Аризона штатына сапары

Аризона штаты, 2021 жылғы 27-29 қазан - өңірлік сапар аясында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев Аризона штатында болды. Жұмыс сапары барысында Аризона штатының саяси және әскери құрылымдарымен, іскер топтарымен және білім беру секторының өкілдерімен кездесулер өтті.

Одан әрі Аризона Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Дэниел Сейденмен және Аризона Сауда департаментінің халықаралық сауда жөніндегі аға вице-президенті Кевин О'Шимен бірлескен кездесу өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстан мен Аризона штаты арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру болды.

«Аризона Америка Құрама Штаттарындағы «кәсіпкерлік белсенділік» рейтингінде бірінші орында тұрғанын ескере отырып, біз жоғары технологиялық ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік компаниялардың Қазақстанның әртүрлі салаларына инвестиция салуын құптаймыз», - деді Елші.

Елші Е.Ашықбаевтың штаттың Төтенше жағдайлар және әскери істер департаментінің бастығы генерал-адьютант,  генерал-майор Керри Мюленбекпен кездесуі барысында Қазақстан Қарулы Күштері мен Аризона штатының Ұлттық ұланы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.. Тараптар өзара іс-қимылдың белсенді үрдiсiн сақтауға өзара мүдделі екенін растады.

Сапар аясында Аризона мемлекеттік университетіндегі Меликиан орталығы мен Cintana Education бағдарламасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел, қазақстандық студенттермен кездесу, сондай-ақ Аризона университетін және оның аэроғарыш пен ауыл шаруашылығы саласындағы зертханаларын аралау болды. Білім беру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімдерге қол жеткізілді.