Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың (ОАЯҚААШ) қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің ОАЯҚААШ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың (ОАЯҚААШ) қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің ОАЯҚААШ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі

Біз, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың (бұдан әрі - ОАЯҚААШ) қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері ОАЯҚААШ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығына орай

ядролық қарудан азат бейбіт және қауіпсіз әлемге деген адалдығын растай отырып,

Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру қарусыздану үдерісін, ядролық қаруды таратпау режимін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану және радиоактивті залалданудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалту саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылатынына сенімді білдіре отырып,

Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының отыз жылдығына орай, сондай-ақ ядролық жарылыстар мен салдарларының көптеген құрбандарына құрмет көрсете отырып,

қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау үдерісінде, оның ішінде ядролық қарудан азат аймақтар құруда Біріккен Ұлттар Ұйымының жалпыға бірдей танылған және үйлестіруші рөлін растай отырып,

ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің және 2019 жылғы 28-29 тамызда Нұр-Сұлтанда ядролық қарудан азат аймақтар өкілдерінің кездесуін өткізудің маңыздылығын мойындай отырып,

төмендегі жайлы мәлімдейміз:

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Түрікменстан қол қойған ОАЯҚААШ туралы шартқа өзінің маңыздылығы бойынша тарихи тұрғыдан бейілдігімізді тағы да растаймыз.
  2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмау және сайып келгенде, оны толық жою жөніндегі халықаралық күш-жігердің, сондай-ақ ол ядролық қарусыздануды, таратпауды, ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда пайдалануды қамтамасыз етудің іргетасы ретіндегі маңызды және шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы барлық мемлекеттер делегаттарының қатысуымен Оныншы шолу конференциясын өткізуді қолдаймыз және де Шолу конференциясы алдыңғы конференциялар шешімдерінің орындалу барысын сараптап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді айқындауы тиіс деп санаймыз.
  3. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асырудағы қызметін ұдайы қолдау, атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдануға жәрдемдесу туралы мәлімдейміз. 2017 жылғы тамызда Үлбі металлургия комбинатының (Қазақстан Республикасы) базасында АЭХА мүше мемлекеттерге төмен байытылған уранды кепілді жеткізудің жаңа тетігін көздейтін АЭХА Төмен байытылған уран банкінің ашылуын құптаймыз.
  4. Шарттың күшіне енуі тәуелді Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) 2-қосымшасында саналған мемлекеттерді оған тез арада қол қою және ратификациялау бойынша шаралар қабылдауға шақырамыз.
  5. ЯҚТШ-ның 6-бабын іске асыруға жәрдемдесуге арналған ЯҚТСШ-ның күшіне енгенін атап өтеміз. Бұл оқиға аймақ елдерінің ОАЯҚААШ туралы шартқа қол қоюының 15 жылдығымен және Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығымен тұспа-тұс келді.
  6. Өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мүддесінде Иран ядролық бағдарламасының бейбіт сипатын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарын сақтауға бейілдікті атап өтеміз.
  7. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруы бар мемлекеттердің ОАЯҚААШ туралы шартқа теріс кепілдіктер туралы хаттамаға қол қоюын және оны төрт ядролық держава тарапынан бекітілуін құптаймыз және Америка Құрама Штаттарын осы Хаттаманы ратификациялау үдерісін тез арада аяқтауға шақырамыз.
  8. Халықаралық қоғамдастық мүшелерін БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясының отырысында қабылданатын «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация» қарарын қолдауға және сол арқылы ядролық қарудан азат әлемге біртіндеп қадам басуға өз шешімін білдіруге шақырамыз.
  9. Ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚААШ пен Атом энергиясы жөніндегі Африка комиссиясы (АФКОНЕ) арасындағы, сондай-ақ ОАЯҚААШ мен Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (ОПАНАЛ) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қоюды қоса алғанда, қазіргі ядролық қарудан азат аймақтармен әріптестікті кеңейтуге мүдделік білдіреміз.
  10. Әлемнің түрлі өңірлерінде, оның ішінде Таяу Шығыс пен Корей түбегінде ядролық қарудан азат жаңа аймақтар құру жөніндегі күш-жігерді қолдауға шақырамыз.