Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 14 шілде – Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесіндегі (АӨСШК) төрағалық шеңберінде бейнебайланыс форматында «Жаңа сын қатерлер мен қауіп-қатерлердің алдын алу тұрғысынан Азиядағы өңірлік қауіпсіздік» туралы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, оған АӨСШК-ге мүше 17 мемлекеттердің сарапшылары қатысты.
Іс-шараны ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты АӨСШК Хатшылығының қолдауымен бірлесе ұйымдастырды.
АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Елші Қайрат Сарыбай өзінің кіріспе сөзінде АӨСШК үдерісінің ілгерілеуі және Қазақстанның Кеңеске төрағалық етуінің басымдықтары туралы хабардар етті. Сыртқы саяси зерттеулер институтының директоры Болат Нұрғалиев өз сөзінде Орталық Азияда және АӨСШК кеңістігінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі аспектілеріне назар аударды.
Конференция «АӨСШК кеңістігіндегі өңірлік қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлері және оларға қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттердің тәжірибесі» және «АӨСШК шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективалары» тақырыптарында екі панельдік сессиядан тұрды.
Спикерлер ретінде Асан саяси зерттеулер институтының (Корея Республикасы), Шанхай халықаралық зерттеулер институтының (Қытай), Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының, Ирактың Ұлттық қауіпсіздік басқармасының, Исламабад стратегиялық зерттеулер институтының (Пәкістан), Йылдырым Бейазыта атындағы Анкара университетінің (Түркия) танымал сарапшылары және басқалар сөз сөйледі.
Сөз сөйлеу барысында қатысушылар АӨСШК кеңістігіндегі жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты бірқатар мәселелерді қозғады, соның ішінде ең негізгілері терроризмнің, діни экстремизмнің, есірткі трафигінің, заңсыз көші-қонның және жаппай қырып-жою қаруының таралуы болып табылады. Ауғанстанда орын алып жатқан жағдай мен өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан, оның одан әрі даму перспективалары сарапшылардың ерекше алаңдаушылығын тудырды.
Сарапшылардың пікірінше, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында этносаралық шиеленістің, қоршаған ортаның нашарлауы мен жаһандық жылынудың қаупі маңызды орын ала бастады.
Қатысушылар Covid-19 пандемиясы себебінен туындаған дағдарыстан шығу шаралары бойынша өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу қажеттілігі және мемлекеттердің тұрақты қалпына келуі мен дамуын қамтамасыз ету туралы ортақ пікірге келді.