С5+1 кезекті кездесуі өтті

С5+1 кезекті кездесуі өтті

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 23 сәуірі -  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, және Орталық Азия елдері сыртқы саяси  ведомстволарының басшылары - Қырғызстаннан Руслан Қазақбаев, Тәжікстаннан Сироджиддин Мухриддин, Түрікменстаннан Рашид Мередов пен Өзбекстаннан Абдулазиз Камиловтың қатысуымен онлайн форматында жоғары деңгейдегі С5+1 кездесуі өтті.

Қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жолдары мен жоспарларын, COVID-19 пандемиясы жағдайында халықаралық ынтымақтастықтың өзекті сын-қатерлеріне ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігерді талқылады. Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тәсілдеріне және климаттың өзгеруі проблемасына қатысты сындарлы пікір алмасу орын алды.

Тараптар жаһандық күйзелістерге қарамастан, платформа АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастығын арттыру, сондай-ақ өңір ішіндегі өзара іс-қимылды, оның транзит-көліктік әлеуетін дамыту, қоршаған ортаны қорғау бойынша күш-жігерді үйлестіру, өңірлік қауіпсіздікті нығайту үшін тиімді алаң болып қалатынын атап өтті.

М. Тілеуберді «Орталық Азияға америкалық инвестициялар мен технологияларды тарту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша С5+1 диалогы шеңберіндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын» атап өтті.

2015 жылдан бастап қолданыстағы «С5+1» форматы Орталық Азияның бес мемлекеті мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көпжақты тетігі болып табылады.