2020 жылғы 14 желтоқсанда АҚШ Конгресінің мүшелері мен қызметкерлеріне арналған «Жусан» операциясы туралы вебинар өткізілді. Қазақстан Республикасының Елшілігі АҚШ-тың Конгресс өкілдері палатасындағы Қазақстан-АҚШ Кокусымен (достар тобымен) бірлесіп, қазақстандықтарды соғыс аймақтарынан оралту және оларды қоғамға қайта бейімдеу тәжірибесін талқылау мақсатында іс-шараны ұйымдастырды. Вебинардың негізгі спикерлері ретінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев және Терроризмге қарсы іс-қимыл барысында адам құқықтарын ілгерілету және қорғау бойынша БҰҰ-ның Арнайы баяндамашысы Фионуалла Ни Аолайн қатысты.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов іс-шара басындағы сөзінде «Жусан» операциясы Қазақстан үшін құнды тәжірибе бола тұрып, басқа елдер үшін жарқын үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жоба жиналған тәжірибе мен дағдыларды дамытуға және таратуға бағытталған Қазақстандағы Үздік тәжірибелер орталығы түрінде өз жалғасын табатынына сенім білдірді.
Министрдің орынбасары Е.Ашықбаев операцияның барлық кезеңдерін егжей-тегжейлі баяндап, әлемнің 80-нен астам еліндегі азаматтардың террористік ұйымдарға қатысулары мәселесіне тап болғанын өкінішпен атап өтті. Сондай-ақ, АҚШ серіктестеріне операцияны өткізуге қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан өз тәжірибесімен басқа елдермен бөлісуге дайын екендігін айтты.
Сонымен қатар, Е.Ашықбаев «Жусан» операциясы ең алдымен радикалды идеологияның құрбаны болған әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған гуманитарлық миссия екендігіне назар аударды.
БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Ф. Ни Аолайн өз сөзінде соғыс жүріп жатқан аймақтан азаматтарды елге қайтару және қоғамдық қайта бейімдеу мәселесінде Қазақстанның әлемдік көшбасшылығына ерекше мән беріп, басқа елдерді мемлекетіміздің тәжірибесін үлгі ретінде қабылдауға шақырды. Осыған қоса, Қазақстан Үкіметінің ынтымақтастыққа ашық және диалог орнатуға дайын екендігін ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі