Абай мұрасы АҚШ Конгресінің кітапханасына табысталды

Абай мұрасы АҚШ Конгресінің кітапханасына табысталды

Вашингтон, 2026 жылғы 6 тамыз. Абай күні қарсаңында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі Конгресс кітапханасында қазақ филологі, педагог әрі аудармашы Гүлмира Амандықованың Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» негізінде жазған үштілді «Ұрпаққа ұлағат» кітабын табыстау рәсімін өткізді.

Іс-шара барысында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов басылымды Конгресс кітапханасының Африка және Таяу Шығыс бөліміндегі Таяу Шығыс секциясының жетекшісі Джоан С. Уикске табыс етті. Рәсімге Вашингтондағы Абай орталығының үйлестірушісі Айтолқын Құрманова да қатысты.

М.Ілиясов Абайдың қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі тарихи рөліне тоқталды. Елші білімге, еңбекқорлыққа, адамгершілік жауапкершілікке және өзге мәдениеттерге ашық болуға үндейтін Абай мұрасының Қазақстанның ұлттық болмысындағы ерекше орнын атап өтіп, басылымның қазақ халқының рухани құндылықтарын америкалық аудиторияға танытуға қызмет ететініне сенім білдірді.

Бес жылға жуық еңбектің нәтижесінде әзірленген «Ұрпаққа ұлағат» жобасы кейіннен 12 тілге аударылып, бірқатар ірі халықаралық кітап көрмелерінде таныстырылды және Қазақстанда «Жыл кітабы» атағына ие болды.

Өз кезегінде Дж.Уикс құнды басылым үшін алғыс білдіріп, оның Абайдың гуманистік идеяларын кеңінен насихаттаудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол Конгресс кітапханасының Таяу Шығыс пен Орталық Азияға қатысты онлайн коллекциялары мен зерттеу мүмкіндіктерін таныстырды.

Таныстырылым барысында цифрлық материалдарды қашықтан іздеу және пайдаланушылардың ана тілдерінде қолдану тетіктері көрсетілді. Дж.Уикс Елшілікпен қалыптасқан ынтымақтастық аясында Қазақстанның орта білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастығының кітапхана қорлары мен бірегей зерттеу ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.

Қатысушылар Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени-гуманитарлық және академиялық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, осы бағыттағы Елшілік, Конгресс кітапханасы және Абай орталығы арасындағы серіктестікті жалғастыруға уағдаласты.