
Астана, 2026 жылғы 11 маусым – Америкалық делегацияның Қазақстанға сапары аясында АҚШ Үкіметі мен америкалық бизнес өкілдері Astana Mining & Metallurgy Congress (AMM 2026) 16-шы халықаралық тау-кен металлургия конгресі мен көрмесіне қатысты.
Конгресті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов ашып, тау-кен металлургия кешеніне инвестициялар тартудың, технологиялық серіктестікті дамытудың және терең өңдеу өндірісін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Көрмедегі америкалық делегацияны АҚШ Сауда министрінің көмекшісі және АҚШ пен шетелдердегі Коммерциялық қызметтің бас директоры Дэвид Фогель басқарды. Сонымен бірге, AMM 2026 жұмысына тау-кен өнеркәсібі мен оған іргелес салаларда жұмыс істейтін АҚШ-тың
20-дан астам компаниясының өкілдері қатысты.
Көрме аясында аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған Қазақстан-АҚШ дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, инвесторлар және бизнес қауымдастығы қатысты. Талқылаулардың негізгі бағыты өндірістік ынтымақтастықты дамытуға, өңдеу қуаттарын кеңейтуге және орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған нақты инвестициялық жобалар мен жаңа келісімдерді пысықтауға арналды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның өңірдегі маңызды рөлін атап өтіп, елдің «C5+1» форматының практикалық құрамдас бөлігін нығайтуға қосып отырған дәйекті үлесін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, AMM 2026 алаңында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың Дэвид Фогельмен кездесуі өтті. Тараптар тау-кен металлургия кешені, машина жасау және басқа да перспективалы салалардағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.