
Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 8 мамыр – Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов «AI&Expo» конференциясы аясында өткен «Future Resilience Forum» панельдік пікірталасына қатысып, қалыптасып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы тұрақтылық мәселелері жөнінде сөз сөйледі.
Пікірталасты британдық саяси стратег әрі «Future Resilience Forum» негізін қалаушы Фиона Хилл жүргізді. Талқылауға сондай-ақ сарапшы Барбара ДеЛео мен «Cockroach Labs» компаниясының CEO-сы Спенсер Кимбалл қатысты.
Іс-шара қатысушылары геосаяси бәсекелестіктің күшеюі мен технологиялық трансформацияның жеделдеуі жағдайында Орта державалардың рөлі, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы, дата-орталықтарды дамыту, жасанды интеллект, ғарыш инфрақұрылымы және қорғаныс технологиялары мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Елші қазіргі халықаралық жүйе терең геосаяси қайта құрулар мен жасанды интеллектіні қоса алғанда, технологиялардың қарқынды дамуы кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті.
«Тұрақтылық жаңа әлемдік тәртіптің негізгі ұйымдастырушы қағидатына айналуда. Дәл осы жағдайда Орта державалар тек тепе-теңдікті сақтаушы ойыншылар ретінде ғана емес, сонымен қатар нарықтарды тұрақтандырушылар, дипломатиялық делдалдар және халықаралық коалициялар құрушылар ретінде алдыңғы қатарға шығуда», – деп атап өтті Елші.
М.Ілиясов мемлекеттің тұрақтылығы тек сыртқы саяси және экономикалық факторлармен ғана емес, сонымен қатар ішкі институттардың сапасымен де айқындалатынын айтты. Осыған байланысты ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан, заң үстемдігін, есептілікті және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін нығайтуға бағытталған саяси және конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталды.
Елші сондай-ақ Қазақстан геосаяси икемділікті, ресурстық әлеуетті және технологиялық амбицияларды ұштастыра отырып, технологиялық және инфрақұрылымдық даму саласындағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан суперкомпьютерлік қуаттарды және заманауи дата-орталықтарды, соның ішінде «Data Center Valley» жобасын дамытуда, стратегиялық маңызды минералдар саласындағы серіктес ретіндегі рөлін күшейтуде, сондай-ақ жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясы аясында Орта дәліздің негізгі торабы ретіндегі маңызын кеңейтуде.
Пікірталас сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар халықаралық жүйенің тұрақтылығы, технологиялық бәсекелестік және жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты.