Қазақстан Нью-Йорктегі Kazakhstan Finance Day алаңында АҚШ-пен инвестициялық диалогты нығайтуда

Қазақстан Нью-Йорктегі Kazakhstan Finance Day алаңында АҚШ-пен инвестициялық диалогты нығайтуда

Нью-Йорк, 2026 жылғы 20 сәуір – Әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Citigroup штаб-пәтерінің алаңында Қазақстан мен АҚШ арасындағы қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жыл сайынғы Kazakhstan Finance Day іс-шарасы өтті.

Іс-шараға ҚР Ұлттық Банкі Төрағасы Тимур Сулейменов, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, Қазақстан қор биржасының (KASE), «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» инвестициялық холдингі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Alatau City өкілдері, сондай-ақ Blackstone, Cerberus, JPMorgan және басқа да компанияларды қоса алғанда, екі елдің бизнес өкілдері қатысты.

Қатысушылардың назарында екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ Қазақстан экономикасының басым салаларына америкалық инвестицияларды тарту мәселелері болды.

Іс-шараны аша отырып, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі конституциялық реформалар мен барлық деңгейдегі институттардың кезең-кезеңімен жаңғыртылуы инвесторлардың сенімін арттырып, халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын түбегейлі жаңа институционалдық ортаны қалыптастыратынын атап өтті.

Ұлттық Банк Төрағасы өз сөзінде өзекті макроэкономикалық күн тәртібін ұсынып, қаржы саясатының негізгі басымдықтарын айқындады.

Siguler Guff компаниясының Бас инвестициялық директоры Дрю Гафф, өз кезегінде: «Қазақстан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, ол ауқымды өңірдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың орталығына айналды. Қазақстанның кез келген нүктесінен бес сағаттық ұшу радиусында шамамен екі миллиард адам тұрады. Саяси-құқықтық база қалыптастырылып, кеңейтілді, бұл көптеген перспективалы салаларға ауқымды инвестициялар тартуға жол ашады», – деп атап өтті.

Панельдік сессия барысында қатысушылар инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде ұлттық компаниялардың IPO/SPO бағдарламаларын, цифрлық экожүйелерді және smart-инфрақұрылымды талқылады.

Сонымен қатар, smart City және цифрлық экономика элементтерін біріктіретін Alatau City қоса алғанда, жаңа буын жобаларын іске асыру перспективалары ұсынылды.

Қатысушылар Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылықты, реформалық күн тәртібін және стратегиялық географиялық орналасуды ұштастыра отырып, өңірдегі сенімді инвестициялық бағыт мәртебесін нығайтып отырғанын атап өтті.

Іс-шара аясында нақты инвестициялық жобалар мен іскерлік серіктестіктерді дамытуға бағытталған екіжақты кездесулер де өтті.

***

Сапар аясында Қазақстанның іскерлік қоғамдастығының өкілдері 1904 жылы құрылған ең көне және беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Нью- Йорктегі the Explorers Club іс-шараларына қатысты.

Клуб әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілерді, ғалымдарды және саяхатшыларды біріктіріп, ғылым, тәжірибе және халықаралық ынтымақтастық тоғысындағы бірегей алаң қалыптастырады.

Клубтың негізгі мақсаты – әлемді тереңірек түсінуге және тұрақты дамуға ықпал ететін зерттеулерді қолдау. Оның мүшелері қатарында Нил Армстронг, Баз Олдрин, Стивен Спилберг, Роберт Пири, Джейн Гудолл, Эдмунд Хиллари және басқалар бар.

Қазақстандық тарап тақырыптық кездесулерге, сараптамалық пікірталастарға және Клубтың негізгі жыл сайынғы іс-шараларына қатысып, археология, зерттеу және экспедициялық қызмет, сондай-ақ ғылыми-білім беру алмасуы мен тұрақты даму салаларындағы бірлескен бастамаларды талқылады.

Осы тұрғыда Қазақстанда The Explorers Club филиалын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс ерекше маңызға ие. Бұл Клубпен ынтымақтастықты институционализациялауға, Қазақстанның халықаралық зерттеушілер қауымдастығындағы қатысуын кеңейтуге және пәнаралық диалогты дамытуға жаңа платформа құруға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылады.

***

Сапар барысында делегацияның қатысуымен ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығының жаңа кеңсесінің салтанатты ашылуы да өтті.

Салтанатты рәсімге ҚР-дың АҚШ-тағы Елшісі, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі офисінің басшысы, сондай-ақ іскерлік орта мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

ҚР шет елдердегі мекемесінің жаңа кеңсесін ашу Қазақстан мен АҚШ азаматтары үшін, сондай-ақ Қазақстанмен өзара іс-қимыл жасайтын бизнес өкілдері үшін консулдық қызметтер көрсету жағдайларын жақсартуға бағытталған.