
Аризона штатында Қазақстан Республикасына арналған 35-ші жылдық Елшілер балы өтті. Салтанатты іс-шараны Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті Консулы Хью Холман Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Елшілер балы – мәдениет, білім және экономикалық ынтымақтастық салаларында Қазақстан мен Аризона арасындағы екіжақты байланысты нығайтуға бағытталған маңызды дипломатиялық және мәдени алаң болып табылады. Салтанатты рәсімге Аризона штаты мен Финикс қаласының басшылығы, штаттың Сенат мүшелері, іскер қауымның және дипломатиялық корпус өкілдері қоса алғанда 500-ден астам қонақ қатысты.
Іс-шарада АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Елшісі Мағжан Ілиясов өз сөзінде Қазақстан мен АҚШ екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен болашақ перспективаларына тоқтала отырып, білім және экономика салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның құрметті қонақтарының бірі – Аризона университетінің президенті Солтүстік Қазақстандағы Петропавл қаласындағы Қозыбаев атындағы университетпен орнатылған академиялық серіктестік туралы баяндады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы іске асырыла бастаған бұл ынтымақтастық бүгінде жоғары білім саласындағы қазақстан-американдық байланыстың ең табысты үлгілерінің бірі болып танылды.
Кештің ажырамас бөлігі болған мәдени бағдарлама қатысушылар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Қонақтарға қазақ халқының бай музыкалық мұрасын таныстырған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің өнері, сондай-ақ дәстүрлі қазақ биінің үлгілері ұсынылды.
35-ші Елшілер балы Аризонаның іскер және саяси қауымдастығының Қазақстанға деген тұрақты қызығушылығын тағы бір мәрте растады. Іс-шара жылы ахуалда өтіп, соңғы жылдардағы ең көп қатысушыны жинады.