Вашингтонда Қазақстанның Орта дәлізді дамытудағы стратегиялық маңызы атап өтілді

Вашингтонда Қазақстанның Орта дәлізді дамытудағы стратегиялық маңызы атап өтілді

National Press Club алаңында Еуразияның транзиттік әлеуетіне, соның ішінде Орта дәлізге және «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп жолына» (TRIPP) арналған сараптамалық баяндама таныстырылды.

Іс-шараға АҚШ Үкіметінің өкілдері, сондай-ақ жетекші сараптамалық орталықтар мен академиялық қауымдастықтың мамандары қатысты.

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов Шығыс-Батыс бағытындағы көлік-логистикалық жолдарды дамыту орнықты экономикалық өсімге қол жеткізуге, өңірлік өзара байланыстылықты нығайтуға және жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыруға бағытталған ұзақмерзімді мүдделерге сай келетінін атап өтті. Ол Қазақстанның теміржол, порт және цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ сауда және кедендік рәсімдерді оңтайландыруға инвестиция сала отырып, транзиттік және логистикалық әлеуетін жүйелі түрде дамытып келе жатқанына назар аударды.

Спикерлер Қазақстанды институционалдық тұрақтылығы, стратегиялық көзқарасы және еуразиялық өзара байланыстылық пен инвестициялық жобаларды дамытуда жүйеқұраушы рөл атқару әлеуеті бар АҚШ-тың өңірдегі негізгі серіктестерінің бірі ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.

Америкалық сарапшылар жаһандық сауда бағыттарының трансформациясы мен геосаяси ортадағы өзгерістер аясында Орта дәліздің маңызы айтарлықтай артқанын атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, бұл бағыт Еуразияны байланыстыратын негізгі құрлықтық бағыттардың бірі ретінде қарастырылып, жүк жеткізу мерзімдерін қысқартуға және жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Қазақстан дәліздің сенімділігі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ететін орталық буын ретінде аталды.

Іс-шара барысында Қазақстанның аса маңызды минералдар мен энергетикалық ресурстарды жеткізу тізбектерін қамтамасыз етудегі сенімді серіктес ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Орталық Азияның өзге де елдерінің жоғары технологиялық салалар үшін сұранысқа ие шикізат қоры мол екені және сонымен қатар өңдеу мен өндірістік қуаттарды өз аумағында дамытуға бағыт ұстанып отырғаны аталып өтті.

Талқылау барысында Еуразия бағытындағы көлік байланысын дамыту логистика шеңберінен шығып, өңір елдерінің экономикаларын әртараптандыруға, егемендігін нығайтуға және ұзақмерзімді тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін факторға айналып отырғаны айтылды. Орталық Азияның Оңтүстік Кавказ, Қара теңізбен және одан әрі батыс нарықтармен байланысы қалыптасып келе жатқан жаңа аймақаралық экономикалық кескіндеменің маңызды элементі ретінде қарастырылды.

Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасты.