Вашингтонда Орталық Азияның жаңа геосаяси және экономикалық сәулетін қалыптастырудағы рөлі талқыланды

Вашингтонда Орталық Азияның жаңа геосаяси және экономикалық сәулетін қалыптастырудағы рөлі талқыланды

Вашингтон, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Microsoft Саясат және инновациялар орталығының алаңында Орталық Азияның жаңа геосаяси және экономикалық сәулетін қалыптастырудағы рөліне арналған сараптамалық пікірталас өтті.

Іс-шараға АҚШ Үкіметі мен Конгресінің өкілдері, сондай-ақ жетекші сарапшылар мен академиялық қауымдастық мүшелері қатысты.

Спикерлер өңірдің АҚШ-пен қарым-қатынастарында «ренессанс» кезеңіне қадам басқанын және оның Вашингтонның сыртқы саяси күн тәртібінде маңызды орын алып келе жатқанын атап өтті. Олар 2025 жылғы
6 қарашада Вашингтонда өткен «С5+1» Саммитін, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жандануын және жоғары деңгейдегі делегациялар сапарларының артуын мысал ретінде келтірді.

Сарапшылар «С5+1» форматының және оның «С6+1» форматына дейін кеңею мүмкіндігінің тұрақты хатшылығы бар толыққанды үкіметаралық тетік құруға негіз болатынын айтты. Осы тұрғыда Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономика, интеграциялық үдерістердің бастамашысы және институционалдық әрі инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары мемлекет ретінде жетекші рөлі ерекше аталды.

Пікірталас барысында Орталық Азияның транзит пен логистика саласындағы стратегиялық маңыздылығы да атап өтілді. Спикерлер қазіргі «Жібек жолының» жаңа конфигурациясын қалыптастырып отырған және өңірді жаһандық көлік байланысының маңызды торабына айналдырған Орта дәліздің және құрлық бағыттарының қарқынды дамуын ерекше атап өтті.

Сарапшылар Орталық Азияның энергетикалық қорлар мен аса маңызды минералдардың көзі, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымның болашақ орталығы ретіндегі әлеуетін кеңінен талқылады.

Америкалық сарапшылар алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі ретінде АҚШ саясаты мен заңнамасын бизнестің нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіруді атады. Олар ескірген шектеулерді жою, инвесторлар үшін неғұрлым болжамды жағдайлар қалыптастыру және АҚШ-тың жеке секторын Орталық Азиядағы жобаларға кеңінен тарту қажеттігін атап өтті.

Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, қатысушылар Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы келешектегі ынтымақтастығы бойынша пікір алмасты.