
Нью-Йорк, 2025 жылғы 2-3 желтоқсан – Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Магжан Ілиясов Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарын жүзеге асырып, оның аясында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шараларға қатысты.
Сапардың негізгі шарасы АҚШ-тың сараптамалық, іскер және қаржы топтарынан 40-тан астам өкілді біріктірген «Bridging Continents: Kazakhstan’s Strategic Role in West-East Trade» атты дөңгелек үстел болды. Қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзиттік дәліздерді кеңейту, аса маңызды минералдарды жеткізу және Шығыс-Батыс бағыты бойынша байланыстылықты күшейту мәселелерін талқылады.
Елші Мемлекет басшысының Вашингтон қаласына жасаған сапары мен «C5+1» Саммитінің негізгі қорытындыларымен бөлісіп, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бұл үдеріс 17 млрд. долл. асатын коммерциялық келісімдердің қол қойылуымен расталды.
Америкалық сарапшылар Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші әрі серпінді дамып келе жатқан экономика ретінде сипаттап, елдің Орта дәлізді ілгерілетуге және тұрақты көлік-логистикалық тізбектерді қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімі оң қабылданып, логистика, ауыл шаруашылығы, су технологиялары және цифрлық қызметтер салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, елдің халықаралық аренадағы дипломатиялық рөлін күшейткені атап өтілді.
Сапар шеңберінде Елші АҚШ-тың іскер топтарының өкілдерімен кездесіп, аса маңызды минералдарды өндіру және қайта өңдеу жобаларына америкалық бизнестің қатысу перспективаларын, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық ахуалының артықшылықтарын талқылады.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі «The Explorers Club» ұйымының Президенті Ричард Уизмен кездесу болды. Кездесу барысында халықаралық зерттеу бастамаларын дамыту және Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Бұдан бөлек, М.Ілиясов дипломаттар арасындағы бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға арналған «Diwali Foundation USA» ұйымы тарапынан «Diwali Stamp – The Power of One» сыйлығымен марапатталды.