Қазақстан Дүниежүзілік банк тобы және Халықаралық валюта қорымен ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобы және Халықаралық валюта қорымен ынтымақтастықты нығайтуда

Вашингтон қ., 2025 жылғы 16 қазан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жетекшілігімен қазақстандық делегация Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры жанындағы Швейцариялық кіші топтың отырысына қатысты.

Өз сөзінде С.Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобы мен Қазақстан арасындағы 30 жылдан астам уақытқа созылып келе жатқан стратегиялық серіктестік елдің тұрақты экономикалық өсіміне, кедейлікті төмендетуге және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған экономикалық реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

Кездесуде Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайтын Серіктестік шеңберіндегі келісімге (Partnership Framework Agreement, PFA) ерекше назар аударылды. Аталған келісімді ратификациялау квазимемлекеттік сектор ұйымдарының Дүниежүзілік банктің стандарттарына толық сәйкес келетін қаржыландыру көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Сол күні С.Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесті. Тараптар химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін терең және орташа өңдеу, көлік саласы, сондай-ақ сумен жабдықтау және ирригация жүйелерін жаңғырту бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін және алдағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Серіктестер Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жыл сайын кемінде 5% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және ұлттық экономиканы дамыту бойынша өзге де бағыттарға қызығушылық танытты.

Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) ұйымдастырған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) мәселелеріне арналған воркшопқа қатысты. IFC өкілдері Сауд Арабиясы, Үндістан және Индонезия сияқты мемлекеттердің мемлекеттік компаниялары белсенді қатысқан МЖӘ жобаларын іске асырудағы халықаралық тәжірибемен бөлісіп, МЖӘ жобаларын дайындау және іске асыру тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар ұсынды.