
Вашингтон қ., 2025 жылғы 16 қазан – Вашингтон қ. сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев және Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ Конгресінің мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Бюджет және салық жөніндегі комитеттің мүшесі, «Қазақстан-АҚШ» достық тобының теңтөрағасы Джимми Панетта және конгресвумен Кэрол Миллермен өткен келіссөздер барысында тараптар екіжақты сауда, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстандық тарап америкалық заң шығарушыларға Джексон-Вэник түзетуін жою бастамасына қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдіріп, бұл мәселенің Конгресте жедел шешілуінің маңыздылығын атап өтті.
Делегация өкілдері Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тұрақты, ашық және болжамды іскерлік орта болып қала беретінін айтты. Сондай-ақ, қыркүйекте Нью-Йорк қ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық бизнес өкілдерімен өткізген кездесулерінің жалғасы ретінде өткен келіссөздердің нәтижелері талқыланды. Кездесулер барысында білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Бюджет және салық жөніндегі комитеттің мүшесі, конгрессмен Томас Суоззимен өткен кездесуде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту, соның ішінде энергетика, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларындағы әріптестікті тереңдету мәселелерін қарастырды. Кездесу барысында Қазақстанның жаңа IT экономикасын қалыптастыру және еліміздің Орталық Азиядағы АҚШ-тың сенімді серіктесі ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі көзқарасы таныстырылды.
Сонымен қатар, делегация мүшелері АҚШ Сенаторы Кевин Крамермен жүздесті. Сенатор Қазақстанға жасаған сапарын жылы лебізбен еске алып, тараптар энергетика, маңызды минералдар және инфрақұрылымдық жобалар салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
С.Жұманғариннің АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Халықаралық істер комитетінің төрағасы Брайан Мастпен кездесуі екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге арналды. Тараптар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесулер топтамасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің АҚШ Конгресі Халықаралық істер комитетінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі қосалқы комитетінің төрағасы, конгрессмен Билл Хайзенгамен кездесуымен қорытындыланды. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы және оны одан әрі дамыту бағыттары қаралды.