Вашингтон, 2025 жылғы 9 маусым – ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігінде АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясының (USCIRF) мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесу USCIRF-тің жаңа Төрағасы Вики Хартцлердің алғашқы жұмыс күнінде өткендіктен, диалогқа ерекше символдық мән беріп, тараптардың сындарлы ынтымақтастықты дамытуға деген өзара мүдделілігін айқын көрсетті.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев америкалық тарапты конфессияаралық және этносаралық келісім саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарымен таныстырды. Ол діни бостандыққа және мәдени алуандыққа құрмет Қазақстанда қоғамдық тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды негізі ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Екіжақты күн тәртібі аясында Е. Ашықбаев діни сенім бостандығы мәселелері бойынша АҚШ-пен арада қалыптасқан ынтымақтастық тетіктерінің бар екенін және америкалық үкіметтік емес ұйымдармен сәтті әріптестікке тоқтады.
Сондай-ақ, Елші Қазақстанның мәдени және этникалық алуандылықты сақтаудағы рөлін ерекше атап өтіп, Комиссияның жыл сайынғы баяндамаларын дайындауда барынша байыпты әрі объективті көзқарас қажеттігін жеткізді.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұлттық институттардың дінаралық диалог пен мәдениеттерді жақындастыруда орнықты алаң ретінде маңызын атап өтті. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қыркүйек айында Астанада өтетін VIII Съезге дайындық барысы туралы хабардар етті.
USCIRF өкілдері Қазақстанның діни бостандықты қамтамасыз ету бағытында қабылдап жатқан шараларын оң бағалап, прагматикалық ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екендіктерін білдірді.