Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Все материалы
08 мая 2026
Жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы Орта державалардың рөлі: Қазақстан тәжірибесі

 

Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 8 мамыр – Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов «AI&Expo» конференциясы аясында өткен «Future Resilience Forum» панельдік пікірталасына қатысып, қалыптасып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы тұрақтылық мәселелері жөнінде сөз сөйледі.

Пікірталасты британдық саяси стратег әрі «Future Resilience Forum» негізін қалаушы Фиона Хилл жүргізді. Талқылауға сондай-ақ сарапшы Барбара ДеЛео мен «Cockroach Labs» компаниясының CEO-сы Спенсер Кимбалл қатысты.

Іс-шара қатысушылары геосаяси бәсекелестіктің күшеюі мен технологиялық трансформацияның жеделдеуі жағдайында Орта державалардың рөлі, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы, дата-орталықтарды дамыту, жасанды интеллект, ғарыш инфрақұрылымы және қорғаныс технологиялары мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Елші қазіргі халықаралық жүйе терең геосаяси қайта құрулар мен жасанды интеллектіні қоса алғанда, технологиялардың қарқынды дамуы кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті.

«Тұрақтылық жаңа әлемдік тәртіптің негізгі ұйымдастырушы қағидатына айналуда. Дәл осы жағдайда Орта державалар тек тепе-теңдікті сақтаушы ойыншылар ретінде ғана емес, сонымен қатар нарықтарды тұрақтандырушылар, дипломатиялық делдалдар және халықаралық коалициялар құрушылар ретінде алдыңғы қатарға шығуда», – деп атап өтті Елші.

М.Ілиясов мемлекеттің тұрақтылығы тек сыртқы саяси және экономикалық факторлармен ғана емес, сонымен қатар ішкі институттардың сапасымен де айқындалатынын айтты. Осыған байланысты ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан, заң үстемдігін, есептілікті және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін нығайтуға бағытталған саяси және конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталды.

Елші сондай-ақ Қазақстан геосаяси икемділікті, ресурстық әлеуетті және технологиялық амбицияларды ұштастыра отырып, технологиялық және инфрақұрылымдық даму саласындағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан суперкомпьютерлік қуаттарды және заманауи дата-орталықтарды, соның ішінде «Data Center Valley» жобасын дамытуда, стратегиялық маңызды минералдар саласындағы серіктес ретіндегі рөлін күшейтуде, сондай-ақ жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясы аясында Орта дәліздің негізгі торабы ретіндегі маңызын кеңейтуде.

Пікірталас сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар халықаралық жүйенің тұрақтылығы, технологиялық бәсекелестік және жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты.

 

08 мая 2026
Қазақстандық компаниялар АҚШ-та өз қызметін кеңейтуге қызығушылық танытуда

Вашингтон, 2026 жылғы 3 мамыр – Қазақстан Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері арасында АҚШ Үкіметінің негізгі инвестициялық форумдарының бірі – SelectUSA Investment Summit алаңында «Strategic Sectors and U.S. Market Entry Opportunities» тақырыбындағы инвестициялық дөңгелек үстел ұйымдастырған алғашқы мемлекет болды.

Іс-шараның негізгі бағыты қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығу мүмкіндіктерін ілгерілету және америкалық экономикаға инвестициялар тарту болды. Алғаш рет қазақстандық бизнес ауқымды делегациямен ұсынылып, АҚШ нарығындағы қатысуын кеңейтуге жоғары деңгейдегі қызығушылық танытқанын көрсетті.

Дөңгелек үстелді Central Asia Strategic Advisory (CASA) және QazTrade тарапынан Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен үйлестіру аясында, стратегиялық серіктес Freedom Holding Corp. қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шараға АҚШ-тың мемлекеттік органдарының, инвестициялық қауымдастықтарының және бизнес өкілдерінің 120-дан астам өкілі қатысып, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Магжан Ілиясов қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығуы немесе жақын болашақта шығуды жоспарлауы артып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп, инновациялық ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және азық-түлік өнеркәсібі сияқты кең ауқымды салаларды дамытып жатқанын, сондай-ақ қазақстандық бизнестің америкалық нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отырғанын жеткізді.

Қазақстан дипломатының айтуынша, дөңгелек үстел өткізу іскерлік байланыстар орнату, нақты инвестициялық жобаларды талқылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау үшін қосымша алаң қалыптастырды.

Қазақстандық кәсіпкерлер делегациясын бастап келген, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт, америкалық нарықтың жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, оның ауқымдылығы, технологиялық әртүрлілігі және ресурстарға қолжетімділігіне назар аударды.

Дөңгелек үстел барысында АҚШ нарығында жұмыс істеп жатқан қазақстандық бизнес өкілдері халықаралық деңгейде кеңею, инвесторлармен өзара іс-қимыл және америкалық іскерлік орта талаптарына бейімделу бойынша практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, іс-шара аясында Freedom Holding Corp., 1Thirty Holding, Eurasia Group Kazakhstan, Hero’s Journey және Call2Action сияқты жетекші қазақстандық компаниялар сөз сөйледі.

08 мая 2026
АҚШ қоғамы «Passport DC» фестивалінде қазақ халқының дәстүрлерімен танысты

Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 2 мамыр – Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі жыл сайын өткізілетін «Passport DC» фестиваліне қатысып, 5300-ден астам қонаққа есігін ашып, Қазақстанның бай мәдени мұрасын таныстырды.

Қазақстан АҚШ астанасында өткен, қаланың дипломатиялық қауымдастығының халықаралық мәдени әртүрлілігіне арналған фестиваль аясында өз мәдениетін таныстырған 70-тен астам мемлекеттің бірі болды.

Іс-шара барысында қонақтар қазақтың дәстүрлі мәдениетінің элементтерімен танысты. Елшілік аумағында көшпелі сәулет өнерінің қағидаларына сәйкес безендірілген киіз үй құрылды. Келушілерді ұлттық киім киген домбырашылар қарсы алып, классикалық күйлер орындады. Мәдени бағдарламаны би қойылымдары мен халық әндері толықтырып, америкалық жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды.

Шарада қазақ халқының дәстүрлі салт-дәстүрлеріне ерекше назар бөлінді. Елшілік баланың алғашқы қадамдарымен байланысты және оған жарқын болашақ пен сәтті өмір жолын тілеуді білдіретін «Тұсау кесу» рәсімінің элементтерін көрсетті. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген ежелгі «Беташар» рәсімін көрсетті және құда түсу дәстүрін білдіретін «Сырға салу» салтымен таныстырды.

Елшілік аумағында ұлттық тағамдар мен сусындар, қолөнер бұйымдары ұсынылып, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуеті туралы ақпараттық материалдар таратылды. Қазақстандық дипломаттар елдің тарихы, мәдениеті және қазіргі дамуы туралы таныстырылымдар өткізді.

21 апреля 2026
Қазақстан Нью-Йорктегі Kazakhstan Finance Day алаңында АҚШ-пен инвестициялық диалогты нығайтуда

Нью-Йорк, 2026 жылғы 20 сәуір – Әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Citigroup штаб-пәтерінің алаңында Қазақстан мен АҚШ арасындағы қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жыл сайынғы Kazakhstan Finance Day іс-шарасы өтті.

Іс-шараға ҚР Ұлттық Банкі Төрағасы Тимур Сулейменов, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, Қазақстан қор биржасының (KASE), «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» инвестициялық холдингі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Alatau City өкілдері, сондай-ақ Blackstone, Cerberus, JPMorgan және басқа да компанияларды қоса алғанда, екі елдің бизнес өкілдері қатысты.

Қатысушылардың назарында екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ Қазақстан экономикасының басым салаларына америкалық инвестицияларды тарту мәселелері болды.

Іс-шараны аша отырып, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі конституциялық реформалар мен барлық деңгейдегі институттардың кезең-кезеңімен жаңғыртылуы инвесторлардың сенімін арттырып, халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын түбегейлі жаңа институционалдық ортаны қалыптастыратынын атап өтті.

Ұлттық Банк Төрағасы өз сөзінде өзекті макроэкономикалық күн тәртібін ұсынып, қаржы саясатының негізгі басымдықтарын айқындады.

Siguler Guff компаниясының Бас инвестициялық директоры Дрю Гафф, өз кезегінде: «Қазақстан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, ол ауқымды өңірдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың орталығына айналды. Қазақстанның кез келген нүктесінен бес сағаттық ұшу радиусында шамамен екі миллиард адам тұрады. Саяси-құқықтық база қалыптастырылып, кеңейтілді, бұл көптеген перспективалы салаларға ауқымды инвестициялар тартуға жол ашады», – деп атап өтті.

Панельдік сессия барысында қатысушылар инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде ұлттық компаниялардың IPO/SPO бағдарламаларын, цифрлық экожүйелерді және smart-инфрақұрылымды талқылады.

Сонымен қатар, smart City және цифрлық экономика элементтерін біріктіретін Alatau City қоса алғанда, жаңа буын жобаларын іске асыру перспективалары ұсынылды.

Қатысушылар Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылықты, реформалық күн тәртібін және стратегиялық географиялық орналасуды ұштастыра отырып, өңірдегі сенімді инвестициялық бағыт мәртебесін нығайтып отырғанын атап өтті.

Іс-шара аясында нақты инвестициялық жобалар мен іскерлік серіктестіктерді дамытуға бағытталған екіжақты кездесулер де өтті.

***

Сапар аясында Қазақстанның іскерлік қоғамдастығының өкілдері 1904 жылы құрылған ең көне және беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Нью- Йорктегі the Explorers Club іс-шараларына қатысты.

Клуб әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілерді, ғалымдарды және саяхатшыларды біріктіріп, ғылым, тәжірибе және халықаралық ынтымақтастық тоғысындағы бірегей алаң қалыптастырады.

Клубтың негізгі мақсаты – әлемді тереңірек түсінуге және тұрақты дамуға ықпал ететін зерттеулерді қолдау. Оның мүшелері қатарында Нил Армстронг, Баз Олдрин, Стивен Спилберг, Роберт Пири, Джейн Гудолл, Эдмунд Хиллари және басқалар бар.

Қазақстандық тарап тақырыптық кездесулерге, сараптамалық пікірталастарға және Клубтың негізгі жыл сайынғы іс-шараларына қатысып, археология, зерттеу және экспедициялық қызмет, сондай-ақ ғылыми-білім беру алмасуы мен тұрақты даму салаларындағы бірлескен бастамаларды талқылады.

Осы тұрғыда Қазақстанда The Explorers Club филиалын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс ерекше маңызға ие. Бұл Клубпен ынтымақтастықты институционализациялауға, Қазақстанның халықаралық зерттеушілер қауымдастығындағы қатысуын кеңейтуге және пәнаралық диалогты дамытуға жаңа платформа құруға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылады.

***

Сапар барысында делегацияның қатысуымен ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығының жаңа кеңсесінің салтанатты ашылуы да өтті.

Салтанатты рәсімге ҚР-дың АҚШ-тағы Елшісі, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі офисінің басшысы, сондай-ақ іскерлік орта мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

ҚР шет елдердегі мекемесінің жаңа кеңсесін ашу Қазақстан мен АҚШ азаматтары үшін, сондай-ақ Қазақстанмен өзара іс-қимыл жасайтын бизнес өкілдері үшін консулдық қызметтер көрсету жағдайларын жақсартуға бағытталған.

 
17 апреля 2026
Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясына қатысты. Іс-шараны Түркия Парламентінің депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді.

Мемлекет басшысы Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.

– Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Қазақстан Президенті биыл әлемдік қоғамдастық алдында тұрған және жақын перспективадағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.

– Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз» деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды.

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.

– Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады.

– Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесінің мол екеніне назар аударды.

– Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді, – деді модератор.

Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті.

– Біз өңірлік және жаһандық қақтығыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма? – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық Ұйымды түбегейлі реформалау қажет екеніне тоқталды.

– Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, «БҰҰ-да бәрі істен шыққан!» деді. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен – көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет.

– Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деді ол.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.

– Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді.

– Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшырады. Неліктен бұлай болды? Өйткені превентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипломатия жайында айтты. Саяси шешімдер қабылдауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр, – деді Солтүстік Македония Президенті.

Сондай-ақ панелдік пікірталасқа Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты.

16 апреля 2026
Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықтың басым бағыттары мен жаңа инвестициялық жобаларды талқылады

Вашингтон қ., 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша Вице-президенті Антонелла Бассани және Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Қазақстанның сенімге және тұрақты дамуға ортақ бейілділікке негізделген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтыны атап өтілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде ынтымақтастық аясында көлік, білім беру, экология, «жасыл» технологиялар және цифрландыру салаларында жалпы құны 8 млрд. АҚШ долл. асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі кездесулері аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұйымдастырған «Қазақстан реформалар жолында» атты дөңгелек үстел болды. Бұл алаң кездесулер шеңберінде дербес диалогтық платформа ретінде өтті.

Іс-шара барысында С.Жұманғарин Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тұрақты экономикалық өсімге арналған конференция өткізуді ұсынды. Вице-премьер атап өткендей, Қазақстан негізгі салаларда реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсім үшін қажетті жағдай қалыптастырып келеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев елдің негізгі даму басымдықтарын айқындап, жүргізіліп жатқан реформалар тұтас әрі орнықты экономикалық бағыт қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік сектор өзгерістерді іске асыруда шешуші рөл атқарып, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформаларды жүйелі түрде үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Қазақстан экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетуде екені айтылды. Соңғы жылдары ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі тұрақты түрде 5%-дан асып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,5%-ды құрады. Тауар өндірісі 8,7%-ға, ал қызмет көрсету секторы 5,2%-ға өсті.

Сондай-ақ, ерекше назар Alatau City жобасын дамытуға аударылды. Бұл қала ерекше басқару режимі мен дербес қаржылық модель негізінде жаңа өсім нүктесіне айналады. Онда салықтық жеңілдіктер, «бір терезе» қағидаты, халықаралық стандарттар және инвесторлар үшін күшейтілген кепілдіктер енгізу жоспарлануда.

16 апреля 2026
Қазақстан мен АҚШ экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Вашингтон қ., 2026 жылғы 16 сәуір – АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасары Джейкоб Хелбергпен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны кеңейту перспективаларын мазмұнды түрде талқылады. Тау-кен өнеркәсібіндегі өзара іс-қимылға, соның ішінде аса маңызды және сирек жер металдарын өндіру және терең өңдеу жобаларына, сондай-ақ көлік-логистика инфрақұрылымын және цифрлық технологияларды дамытуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа жасаған сапарлары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды.

Салалық серіктестікті одан әрі тереңдету мақсатында қазақстандық тарап Дж.Хелбергті ағымдағы жылғы маусымда Астанада өтетін «Astana Mining & Metallurgy» халықаралық тау-кен металлургия конгресіне, сондай-ақ «C5+1» форматы аясындағы аса маңызды минералдар бойынша алғашқы диалог отырысына қатысуға шақырды.

Америка тарапы шақыру үшін алғыс білдіріп, қатысуға қызығушылық танытты және Қазақстанға жоғары деңгейдегі өкілді делегация жіберу ниетін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және сындарлы диалогты жалғастыруға бейілділігін растады.

16 апреля 2026
Қазақстан Президентінің Арнайы өкілі АҚШ Мемлекеттік хатшысымен келіссөздер жүргізді

Вашингтон қ.,  2026 жылғы 15 сәуір - АҚШ-қа сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі Арнайы өкілі Ержан Қазыхан мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.

Кездесу барысында Е.Қазыхан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трампқа жолдаған сәлемін жеткізіп, Қазақстан-Америка қатынастарының қарқынды дамуын, орнықты саяси диалогты және іс жүзіндегі өзара іс-қимылдың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

2025 жылғы қарашада Ақ үйдің кеңсесінде өткен екі ел көшбасшыларының кездесуі қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығы, оның ішінде жалпы көлемі шамамен 20 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру ерекше атап өтілді.

Арнайы өкіл еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігерді қолдауға қосқан үлесін, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі шеңберіндегі қызметті қолдайтынын атап өтіп, сондай-ақ Авраам келісімдерін іске асырудың өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторларының бірі ретіндегі маңызын растады.

Америка тарапы Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, билік институттарының тиімділігін арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады. Іскерлік байланыстарды жандандыру және бірлескен жобаларды іске асыру Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына бөлек тоқталды.

Е.Қазыхан Мемлекеттік хатшыны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруды растады.

Өз кезегінде, АҚШ Мемлекеттік хатшысы М.Рубио екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріп, оны одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша Қазақстан-Америка ынтымақтастығын нығайтуға келісті.

15 апреля 2026
Қазақстан америкалық бизнес және сараптамалық қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуда

Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 14 сәуір – Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі сессиялары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президенті Өкілі Ержан Қазыхан бастаған қазақстандық делегация америкалық сараптамалық және іскерлік қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

АҚШ-тың талдау орталықтарымен өткен талқылау барысында қазақстандық тарап елдің саяси және экономикалық басымдықтарымен таныстырып, жаңа Конституцияның қабылдануын саяси жаңғырудың негізі ретінде атап өтті.

Е.Қазыхан өткен референдум қоғамның мемлекеттік даму үдерістеріне жоғары деңгейде қатысуын айқын көрсеткенін атап өтті. Конституциялық өзгерістер Қазақстанды қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап бере алатын серпінді әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға берік институционалдық негіз қалыптастырады. Жаңа Негізгі заң мемлекеттік басқарудың жаңартылған архитектурасын бекітеді: күшті президенттік институт сақтала отырып, Парламенттің ықпалдығы күшейтіліп, Үкіметтің есептілігі артады.

Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту, қаржы жүйесінің орнықтылығын күшейту және цифрлық экономиканы дамыту шараларына ерекше назар аударылды.

Тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің практикалық аспектілері бойынша пікір алмасты. Қазақстанның Орталық Азиядағы АҚШ үшін сенімді серіктес ретіндегі рөлі атап өтіліп, америкалық бизнес үшін энергетика, тау-кен өнеркәсібі, технологиялар, қаржы және инфрақұрылым салаларындағы перспективалы бағыттар айқындалды.

Талқылауға АҚШ-тың саяси топтарының өкілдері, жетекші талдау орталықтарының сарапшылары және іскерлік қауымдастық мүшелері қатысты. Кездесуді Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының аға директоры, Елші Джон Хербст жүргізді.

АҚШ Сауда палатасы алаңында өткен АҚШ-Қазақстан іскерлік кеңесінің мүшелерімен кездесуге «Chevron», «ExxonMobil», «PepsiCo», «Morgan Stanley», «Citi», «Nasdaq», «Meta» және басқа да жетекші америкалық компаниялардың басшылары қатысты.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде аса маңызды минералдар саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, көлік-логистикалық бағыттарды кеңейту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ адами капиталды дамыту айқындалды.

Е.Қазыхан қатысушыларды Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсу динамикасын және елдің инвестициялық тартымдылығын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300 млрд. АҚШ долларына жетіп, елді әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енгізгені айтылды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қаржының жоғары орнықтылығы, сондай-ақ салық және банк жүйелерін реформалау бағытындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы инвестициялар үшін тартымды бағыт және Еуразиядағы маңызды транзиттік торап ретінде айқындайды.

Қазақстандық тарап америкалық бизнеспен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілділігін растап, инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысы бастамаларға жүйелі қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар экономикалық серіктестікті тереңдетуге өзара қызығушылығын растады және екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.

15 апреля 2026
Вашингтонда АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті марапаттау рәсімі өтті

Вашингтон, 2026 жылғы 14 сәуір – Қазақстан Республикасының Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан АҚШ сенаторы Стив Дэйнс Қазақстан екі ел арасындағы достықты нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Марапатты тапсыру барысында Қазақстан Президентінің АҚШ-пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Өкілі Е.Қазыхан: «Сенатор С.Дэйнстың күш-жігерінің арқасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастар өзара іс-қимылдың бүкіл кезеңіндегі ең жоғары деңгейге жетті», – деп атап өтті.

Е.Қазыхан сенатордың парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, оның АҚШ Конгресінде Орталық Азия бойынша достық тобын құру бастамасы, Джексон-Вэник түзетуін жоюға бағытталған заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуі, сондай-ақ АҚШ Сенатында «C5+1» платформасының стратегиялық маңыздылығы туралы қарардың қабылдануына қолдау көрсетуі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат сенатордың Қазақстан-АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

С.Дэйнс өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, марапаттың табысталуын жоғары бағалайтынын атап өтті және екіжақты қатынастарды институционалдандыру мен одан әрі дамытуға, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде, белсенді қадамдар жасауға дайын екенін растады.

Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара қызығушылығын растады.

Социальные сети
Фейсбук
Твиттер
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
ҚР Мемлекеттік рәміздері