Варшава, 2024 жылғы 8 қаңтар – Польша парламентінде Қазақстанның Польшадағы Елшілігі мен «Қазақстан-Польша» парламентаралық тобы депутаттарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Елші Әлім Қирабаев өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында айтылған негізгі ойларға тоқталып өтті.
Польша парламентшілері Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды оқиғаларға берген бағалары мен ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы ақпаратқа назар аударды.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев атап көрсеткен «Заң және Тәртіп» қағидасының маңыздылығы және бұл қағиданы жүзеге асыруда мемлекеттің заңнамалық саласына айрықша рөл беріліп отырғандығы ерекше айтылды.
Польша тарапы Қазақстанда жүргізіліп жатқан заңнамалық және саяси реформаларды, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын білдірді.
Депутаттармен өткен кездесуде парламентаралық ынтымақтастықтың оң қарқынын сақтауға бағытталған практикалық шаралар талқыланды.
Топ төрайымы, Сейм депутаты Барбара Бартущ өткен жылдың желтоқсан айында Астанаға поляк парламентшілері делегациясының сапары сәтті өткеніне ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Б.Бартущ парламентарлық делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыру бастамаларын, сондай-ақ, парламенттік топтың Польшаға оқуға келген қазақстандық студенттермен кездесу өткізу мүмкіндігі туралы ұсыныстарды қолдады.
Кездесуде Еуропарламент, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы және басқа да халықаралық парламенттік институттар аясындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.