Варшава, 2024 жылғы 26 қараша - Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту, сондай-ақ өңірлік деңгейде ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2024 жылғы 25-26 қараша аралығында Батыс Померания астанасы Щецин қаласында Қазақстан Күндері өткізілді.
Екі күндік іс-шара аясында Батыс Померания воеводасымен, аймақ пен қала басшылығымен, сондай-ақ бизнес және іскерлік бірлестіктермен кездесулер өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Елшісі А.Кирабаев Батыс Померанияның порт инфрақұрылымын дамытудағы тәжірибесі Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көлік дәлізі бола отырып, өзінің көліктік және логистикалық хабтарын белсенді дамытатын Қазақстан үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Осыған байланысты Щецин теңіз политехникасы базасында теңіз порттарында жұмыс істеу үшін қазақстандық кадрларды даярлау перспективалары талқыланды.
Бұдан басқа, Қазақстан мен Батыс Померания бизнес өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан өңірлерімен әріптестік орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.