Қазақстан Польшаның Орталық Азия аймағындағы ең маңызды сауда серіктесі болып табылады

Қазақстан Польшаның Орталық Азия аймағындағы ең маңызды сауда серіктесі болып табылады

Варшава, 2024 ж. 7 ақпан – Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев Польшаның Даму және технологиялар министрлігінде жаңадан тағайындалған Вице-министр және Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының поляк тарапынан тең төрағасы болатын Яцек Томчакпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастардың ағымдағы жай-күйін, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Сұхбаттасушы елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік инвесторларды қолдау бойынша енгізілген шаралары туралы хабардар болды.

Вице-министр Я.Томчак Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық серіктесі болып табылатынын және елімізбен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ поляк бизнесінің қазақстандық тараппен энергетика, IT, жасыл технологиялар және т.б. салалардағы ынтымақтастыққа мүдделілігі атап өтілді.

Тараптар Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмыс істеу тиімділігін оң бағалап, ағымдағы жылдың күзінде Астанада 10-шы отырысын өткізу туралы уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны 2024 жылғы 13-14 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.