Варшава, 2023 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстанның Польшадағы Елшілігі «Польша-Шығыс» ынтымақтастық қауымдастығымен бірлесіп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға Поляк-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының, «Менің Қазақстаным» қауымдастығының, «Польша – Азия» сауда - өнеркәсіп палатасының, А. Мицкевич және Зелена Гура университеттерінің өкілдері және т.б. қатысты.
Қазақстанның Польшадағы Елшісі Ә.Кирабаев қатысушыларды Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет Басшысы қойған экономикалық және әлеуметтік міндеттер туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
«Польша-Азия» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы, бұрынғы премьер-министрдің орынбасары, экономика министрі Януш Пехочинский Жолдаудың прагматикалық және ауқымды сипатын атап өтіп, өңдеу өнеркәсібі, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы, банк саласы және логистика сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың үлкен әлеуетіне назар аударды. Сонымен қатар, қазақстандық нарықта поляк және еуропалық IT компаниялар жұмысының жандануы маңызды болып табылатындығы айтылды.
Я. Пехочинский Қазақстанның әлемдік аренадағы жоғары беделіне ерекше назар аударып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен БҰҰ Бас Ассамблеясының шеңберінде екіжақты және көпжақты іс-шаралардың тығыз жұмыс кестесін, оның ішінде 20 қыркүйекте өткен С5 + 1 форматындағы кездесуді атап өтті.
Седлце Университеттегі саясаттану профессоры А. Малкевич әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды атап өтіп, Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға деген ұмтылысын жоғары бағалады.
Зеленогура университетінің заң ғылымдары кафедрасының меңгерушісі, конституциялық құқық профессоры А. Биштыга Жолдаудың құқықтық аспектілеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, еліміздің демократиялық дамуының ілгерілемелі сипатының дәлелі ретінде атом электр станциясын салу туралы мәселені жалпыұлттық референдумға шығарылуын атап өтті.
Польша-Қазақстан сауда - өнеркәсіп палатасының төрағасы П. Гузовский екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың ғылыми және инновациялық аспектілерін «500 ғалым» атты ҚР Президенттік бағдарламасы аясында Польшада ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан Познань университетінің докторанты А.Уразбаева поляк тарапының назарына ұсынды.
Поляк қатысушылары Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің басымдықтарын жоғары бағалап, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар бағытына қолдау білдірді. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар еліміз Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін барлық қажетті әлеуетке ие екендігімен келісті.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар поляк компанияларымен экономиканың белгіленген секторларында перспективалы жобаларды пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу аясында қатысушыларға поляк тілінде жарияланған Президент Жолдауының брошюралары таратылды.