Польшада Қазақстанның құрметті консулдықтары институтының географиясы кеңеюде

Польшада Қазақстанның құрметті консулдықтары институтының географиясы кеңеюде

Белосток қ., 2022 жылғы 23 маусым – Дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанының 30-жылдығында Польшаның Подляск воеводствосының әкімшілік орталығында – Белосток қаласында – Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Белостоктағы Жоғары экономика мектебінің ректоры, Өңірлік даму агенттігінің бақылау кеңесінің төрағасы, профессор Александр Прокопюк Құрметті консул болып тағайындалды.

Өкілдіктің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев, жергілікті облыстық әкімшіліктің басшылары – Маршалок Артур Косицкий және Воевода Богдан Пашковский, Еуропарламент депутаты Кароль Карский, Польшаның СІМ Шығыс департаментінің директоры Михал Гродзкий, Қазақстан, Финляндия, Болгария, Хорватия, Босния және Герцеговинаның құрметті консулдары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессорлары, құрметті тұлғалар, сондай-ақ өңірдегі іскер топтары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Елші Ә. Қирабаев сөйлеген сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар аясында Құрметті консулдық қызметі елдеріміздің халықтарының игілігі үшін саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Польша ынтымақтастығының дамуы мен кеңеюіне одан әрі серпін беретінін атап өтті. Негізгі күш Қазақстан азаматтарына көмек көрсетуге және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан мен Польша өңірлерінің өзара іс-қимылын дамытуға бағытталатын болады.

А. Прокопюк өз сөзінде Қазақстан Үкіметі тарапынан көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді. «Қазақстан Орталық Азиядағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің сөзсіз көшбасшысы және осы өңірдегі ең тұрақты мемлекет ретінде танылды. Ел билігі кәсіпкерлерді экономиканың түрлі салаларына, атап айтқанда, ауыл шаруашылығына, ақпараттық технологияларға, фармацевтика өнеркәсібіне және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тартуға ынталандырады. Қазақстан шетелдік инвесторларды, сондай-ақ елдегі шетелдік капиталы бар компанияларды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауда. Ел үкіметі экономиканы дамытуға бағытталған саясатты жүргізіп келеді, келешекте Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Өз тарапымнан Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бар күш-жігерімді саламын», – деді Құрметті консул. 

Польша Сыртқы істер министрлігінің өкілі М. Гродзкий Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан жүргізіп жатқан ауқымды реформаларды жүзеге асыруда поляк тарапының қолдауын жеткізді.

Жергілікті облыстық әкімшіліктің басшылары Құрметті консулдық жалпы Польша мен Қазақстан арасындағы және жеке өңірлер арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстарды дамыту үшін үлкен перспективалар ашатынын атап өтті.

Құрметті консулдықтың орналасуы кездейсоқ емес. Географиялық жағдайына байланысты Белосток Польшаның шығысындағы ең ірі көлік орталығы, сонымен қатар Подляск воеводствосының маңызды мәдени орталығы болып табылады. Белостоктағы құрметті консулдықтың қарауындағы Подляск және Люблин воеводстволарының жоғары оқу орындарында 200-ден астам қазақстандық студенттер білім алуда.

Қазіргі уақытта Польшада Гданьск, Вроцлав, Краков, Катовице және Белосток қалаларында Қазақстан Республикасының 5 құрметті консулдығы бар.