Мұхтар Омарханұлы Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясының академигі (1946), еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылы екі ғашықтың трагедиялық тағдырын жыр еткен «Еңлік-Кебек» атты пьесаны жазудан басталды.

Ол «Кінәмшіл бойжеткен», «Жетім», «Кім кінәлі?», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» атты әңгіме-повестері, «Қилы заман» романы, «Тас қауырсыны», «Алма бағында» сынды қазақ феодалдық қоғамының өткір мәселелерін ашатын пьесаларының, қазақ және қырғыз әдебиеті мен фольклорының тарихы бойынша монографиялық зерттеулердің авторы.

Жазушының бүкіл шығармашылық жолының шарықтау шегі болып табылатын «Абай жолы» атты төрт томдық романы оның әлемдік деңгейде танылуына зор септігін тигізді. Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді.

1945 жылы, Абайдың 100 жылдығы аясында М.Әуезов «Абай» операсының либреттосын, «Абай әндері» көркем фильмінің сценарийін жазды. 1949 жылы эпопеяның алғашқы кітабы – «Абай» романы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар, М.Әуезовтің әңгімесі негізінде 1973 жылы Т.Океев режиссері түсірген «Көксерек» фильмі КСРО-дан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық еңбектерімен қазақ стилін қалыптастырған өзіндік мектептің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен алғашқы әдебиетші болды. Оның арқасында Н. Гогольдің «Ревизор», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесалары сияқты классикалық әлемдік әдебиеттің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, жұртшылыққа қолжетімді болды. М. Әуезовтің шығармалары бірнеше рет қайта басылып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.

Мұхтар Әуезовтің есімімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларындағы көшелер мен мектептер аталды.

Жазушыға республиканың барлық өңірлерінде ескерткіштер орнатылған. Қазақ телевизиясы ұлы жазушы туралы 12 сериялы деректі фильм түсірді (авторы Ә.Тойбаева).

М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО шешімімен 1997 жылы дүние жүзінде аталып өтті.

Биыл М. Әуезовтің 125 жылдығы аясында 500-ден астам, оның ішінде халықаралық деңгейде 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.