Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін өрлеу мен тұрақты даму дәуіріне айналды. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту, дағдарыстарды реттеу, мәдениетаралық диалог пен тұрақты даму бойынша халықаралық күш-жігерге қомақты үлес қосуда.
1) Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қозғалыстың әлемдік көшбасшысы болып табылады. 1991 жылғы 29 тамызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты, онда 1949 жылдан 1989 жылға дейін кемінде 456 ядролық сынақ жүргізілді. Қазақстан қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты.
Елдің бітімгершілік үлгісі 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясын 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күні деп жариялауға септігін тигізді.
2) 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ толық құқықты мүшесі атанды. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің және мемлекет егемендігінің халықаралық деңгейде мойындалуының айғағына айналды.
3) 2016 жылы Қазақстан алғаш рет 2017-2018 жылдар кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақстан БҰҰ-ның ең беделді органына сайланған бірінші Орталық Азия мемлекеті болды.
Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазақстандық төрағалықтың басты оқиғасына айналды.
4) 2022 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) 30 жыл толады. Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форумды құру туралы идеяны Тұңғыш Президент Н.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы 5 қазанда болған 47-сессиясында жария етті.
5) 2018 жылғы 15 наурызда Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) Орталық Азия елдері басшыларының бірінші консультативтік жұмыс кездесуі өткізілді.
6) 2015 жылдың 21 желтоқсанында Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) қол қойылған Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім 2020 жылғы 1 наурызда күшіне енді.
7) Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркі Кеңесі сияқты ұйымдарды құруда негізгі рөл атқарды.
2017 жылғы 9 маусымда Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің тарихи отырысы өтті. Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасына Ұйымның толық құқылы мүшесі мәртебесі берілді.
8) Қазақстан Азия мұсылман және түркітілдес әлем елдері тарихында бірінші болып, ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында алғаш рет еуразиялық кеңістіктегі ең беделді ұйымдардың бірі ретінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. 11 жылдық үзілістен кейін 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астана (казіргі Нұр-Сұлтан) қаласында ЕҚЫҰ-ның бірінші саммиті өткізілді.
9) Штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы 2016 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылды.
10) 2003 жылы Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өтті. Қазақстанның астанасында үш жыл сайын өткізіліп келеді.
11) Қазақстан Сирия үкіметі, қарулы оппозиция және кепілгер мемлекеттер (Ресей, Түркия, Иран) арасындағы келіссөздер үшін платформа ұсынған Астана процесі арқылы Сирия дағдарысын реттеуге өз үлесін қосты.
12) Қазақстанда алғаш рет VII Қысқы Азия ойындары өткізілді. Оған 26 елдің спортшылары қатысты.
13) 2017 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Болашақ энергиясына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Көрмеге әлемнің әр түкпірінен 100-ден астам мемлекет қатысты.
14) 2018 жылғы 5 шілдеде Астана халықаралық қаржы орталығы ашылды. АХҚО — әлемнің экономикалық картасында Нью-Йорк пен Лондоннан Дубайға, Гонконг пен Сингапурға дейінгі озық қаржы орталықтарының үздік тәжірибесі мен қазіргі заманғы мүмкіндіктерін біріктіретін бірегей орталық. Қазіргі уақытта АХҚО-да 900 шетелдік және жергілікті компаниялар тіркелген. АХҚО Англия мен Уэльс құқығының қағидаттары, нормалары мен прецеденттеріне және/немесе жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген, бизнес үшін ең қолайлы АХҚО құқығына негізделген инвестицияларды тартудың, жүзеге асырудың және қорғаудың бәрін қамтитын заң режимін ұсынады.
15) 2016 жылы Қазақстанда «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы іске қосылды. Бұл Қытайды, Орталық Азия мен Таяу Шығысты байланыстыратын стратегиялық, логистикалық хаб. Әлемдегі ең ірі құрғақ порттың қолайлы орналасуы, салық жеңілдіктері, инновациялық технологияларды қолдану және әмбебаптығы Қазақстанды Азиядан Еуропаға жүк транзитінің негізгі буыны етеді.
16) Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының “Doing business" (2019) баяндамасына сәйкес 25-ші орын алып, өңірдегі үздік инвестициялық ахуалы бар ел болып саналады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд, доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл Орталық Азия өңіріне келетін жалпы инвестициялар ағынының 70%-ын құрайды.
COVID-19 пандемиясының әлем экономикасына теріс әсеріне қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өтпелі экономикасы бар 17 елдің және теңізге шыға алмайтын 34 елдің ішінде таза тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемінің ең жоғарғы өсімін көрсетті.
Бүкіл әлемде олардың жалпы көлемінің 2005 жылдан бері ең төменгі көрсеткішке дейін үштен бірге қысқаруы аясында Қазақстанда өткен жылға қарағанда таза ТШИ 34,9%-ға көп тартылды. Мұндай деректер БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасында» көрсетілген.
Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты.